Болмысыңызға сай тайм-менеджмент тәсілін табу жолдары
Әркім уақытын қалай және не нәрсеге жұмсау керегін өзі шешеді. Біреу күні бойы Youtubе немесе TikTok ақтарып жатады. Енді бірі шаруаға көміледі де, қатты қажып кетеді. Қазіргі таңда уақытты басқару, дұрыс өткізу һәм жоспарлаудың түрлі жолы белгілі. Бұл тақырыпта оқырмандарымызға біршама материал жарияланғанбыз. Бүгін әркімнің болмысына сай келетін тайм-менеджмент түрлеріне тоқталғанды жөн көріп отырмыз.
Уақытты басқаруды ә дегеннен үйреніп кету қиын. Өйткені бұл — ұзақ процесс. Ол үшін сіз өзіңізді танып, уақытыңызды есептеп, әдет қалыптастырып, неше түрлі әдісті сынап көруіңіз керек. Содан кейін барып бір байламға келіп, бір тәсілге тоқталасыз. Досыңызға көмектескен түрі сізге мүлдем келмеуі де мүмкін. Демек, бұл ретте әркім өзінің болмысына сәйкес келетін түрін таңдауы керек деген сөз. Ал енді өзіңіздің стиліңіздегі тайм-менеджментті қалай табуға болады? Ең алдымен, өзіңізге терең үңіліңіз. Өзіңізді тани түскен сайын көп сұрақтың жауабы шығады. Яғни ашыла түскенде уақытыңызды дұрыс пайдалануға кедергі болып жүрген факторларды анықтайсыз. Сонымен күресудің дұрыс жолын үйренесіз. Адамның өзін-өзі бағалауы да оңай емес. Соны ескере келе, тайм-менеджменттің мынадай алты түрін бөліп отырмыз. Ішінен қолайыңызға келетінін таңдап алыңыз.
Өрт сөндіруші
- Бұл қандай адамдар? Мысалы сіз басқалар дағдарыстан басын алып қашып жатқанда керісінше жалынға қарай жүгіретіндерденсіз бе? Телефоннан бас алмай, бір мәселені шешкен соң екіншісіне тұра ұмтыласыз ба? Сонымен бірге уақыттың бос кеткенін жақтырмайсыз ба? Болмысыңызға осы сипаттамаға келсе, онда сіз — өрт сөндірушісіз. Мұндай типтегі адамдар тәуекелге барудан қорықпайды. Бұл өте жақсы дейміз. Дегенмен бәрін жедел арада істеп тастауға деген ұмиылыс тайм-менеджментке кері әсер беруі мүмкін. Яғни жұмысқа бас салып кірісіп кете салған жақсы болғанымен, мән беруге тұрмайтын ұсақ-түйекке көп уақыт жұмсап қоюыңыз мүмкін. Осы тұрғыдан жұмыс істеу керек.
- Шешімі қандай? Ең алдымен шаруаларыңызды тізіп шығыңыз. Кейін приоритеттер бойынша, маңызы мен шұғыл болуына қарай реттестіріңіз. Миыңызда бәрін сақтап, ойша барлығы да «маңызды» деп дабыл қағып тұрса, бұл көп стресс тудырады. Мұндайда «өрт сөндірушілерге» Эйзенхауер матрицасы жақсы үйлеседі. Ең тиімді тәсілдің бірі — осы. Бұл аталған матрица — стратегия. Яғни ол жерде сіз шаруаларыңызды төрт түрлі категорияға бөліп, жүйелесіз. Біріншісі — жедел әрі актуал шаруалар. Яғни сіз міндетті түрде назар салып, кірісуіңіз керек. Екіншісі, маңызды, бірақ шұғыл атқаруды қажет етпейтін істер. Мұны сәл кейінірек істесеңіз болады деген сөз. Үшіншісі — шұғыл, бірақ маңызы жоқ. Мұндай істерді бөліп, біреуге тапсыруға болады. Төртіншісі — шұғыл да емес, маңызы да жоқ. Бұл шаруаларды миыңыздан шығарып тастасаңыз да болады деген сөз. Осы стратегияны қолдану арқылы сіз шұғыл әрі маңызды шаруаларды уақытылы атқарып отыра аласыз. Сонымен бірге ойыңызда тұрған кей бос шаруалардан құтыласыз.
Бір уақытта бірнеше жұмысты алып жүретіндер
- Негізі бір уақытта бірнеше шаруаны атқару мүмкін емес. Мысалы бірнеше іспен айналысатын адамдар көбіне бір уақытта бірнеше істі істеп жатырмын деп ойлауы мүмкін. Яғни бір шаруадан екіншісіне оп-оңай секіріп жүре беруге болады деп сенеді. Осылайша сол күнгі тапсырмалар тізімін «босатып» тастағысы келеді. Ал шын мәнінде бір уақытта бірнеше істі атқаруға ұмтылған кезде көп нәрсе аяқсыз қалып, қате көп кетіп, ойлағаннан да аз жұмыстың атқарылуына әкеп соғады.
- Шешімі қандай? Бір уақытта бір іске ғана ден қойыңыз. Қай шаруаны болсын алған кезде тек соған бар назарыңызды салыңыз. Көңіл бөліп, терең үңіліңіз. Сапасына мән беріңіз. Соны орындағаннан кейін барып келесісіне көшіңіз. Маңызды істерді атқаруға белгілі бір уақыт бөліңіз. Сол уақыт аралығында басқа шаруаларға алаңдамаңыз. Телефонға қарай бермес үшін дыбысын өшіріп тастасаңыз болады. Болмаса, басқалардан мазаламауын сұраңыз. Сонда жұмысыңыз сапалы әрі өнімді болады.
«Жоқ» дей алмайтындар
- Бұл типтегі адамдар бас шұлғып, келісе береді. Яғни басқаларға «жоқ» дей алмай, ақыры өзі зардап шегеді. Олар жеке шекарасын бекітуге келгенде қатты қиналады. Сөйтіп өзінің емес, өзгелердің приоритетін алға қояды. Одан бөлек, бұл адамдар өз шаруасын істеуге уақыт таппай, күйзеліске кіріп, қажып, «жанып» кетеді.
- Шешімі қандай? «Иә» деп келісе бергенді қойыңыз. Иә, кей нәрселерге сіздің бақылауыңыз жүрмеуі мүмкін. Бірақ дәл тайм-менедментке қатысты біршама мәселе сіздің өзіңізге тікелей байланысты. Бұл тенденцияға тоқтам беру үшін үйде де, жұмыста да не маңызды екенін анықтап алыңыз. Одан соң әлдекімнің айтқанын істеп, өтінішін орындар алдында осының сізге маңызы бар ма — соны ойлаңыз. Былайша айтқанда сізге одан пайда болмаса, мақсаттарыңыз бен приоритеттеріңізге сәйкес келмесе, істей алмайтыныңызды айтыңыз. Осылай істеп үйренген кезде өз қалауыңызға көбірек уақыт бөле бастағаныңызды сезінесіз. Ал бұл — керемет сезім.
Дұрыс баға бере алмайтындар
- Өз-өзін дұрыс бағаламайтындар көбіне «бір минутта істейтін нәрсе ғой» дегенді көп айтады. Сөйтіп ақыр соңында бір минут бір сағаттай уақытқа ұласады. Ал бір сағаттай кетеді деп ойлағаны бірнеше сағат алады. Бастапқыда бұлай дұрыс бағаламаудың салдары онша білінбеуі мүмкін. Дегенмен осылай жиі істей берген сайын жоспарланған басқа шаруаларды ығыстырып, өзге міндеттемелерді шегере береді.
- Шешімі қандай? Жоспарланғаннан да көп уақыт алатын нәрсені мойындаңыз. Мысалы сіз есеп істегелі жатсыз. Оған бір сағат кетеді деп ойлап тұрсыз. Бірақ одан көп кетуі мүмкін екенін ескеріп, жоспарлағанда бір емес, екі сағат бөліңіз. Сонда жоспар да орындалады, стресс те аз болады. Шаруаларды уақыты атқаруға қатысты мәселеге жиі тап болатындар қайтсе жылдамырақ істеуге болады, уақытты қалай дұрыс жоспарлау керек деген тақырыпта да білімін кеңейткені абзал. Мысалы сіз жоспарлағаннан да жылдам істейтін болсаңыз, ол уақытта өз қызығушылықтарыңыз үшін жұмсасаңыз болады. Өзіңіз есеп жүргізген күнтізбе, уақытты қадағалайтын қолданбалардағы жазбаларды бір шолып шығыңыз. Соған қарап анализ жасаңыз. Белгілі бір шаруаны істеуге қанша уақыт кететінін бағамдап аласыз. Сонда біраз нәрсе жеңілдейді.
Перфекционист
- Әлдебір нәрсені 110% пайыз орындау мен есептегі әдемі көрінетін кестелерді істеуге көп уақыт пен күш жұмсау арасында біршама айырмашылық бар. Өйткені неғұрлым мінсіз атқаруға ұмтылған сайын сіз әр нәрсеге баса мән бере бересіз. Бұл өзін-өзі төмен бағалайтындардың мерзімді кешіктіріп, басқа приориттерге басымдық беретініне ұқсас. Яғни перфекционистер тайм-менеджментпен шайқасып қана қоймай, психологиялық және эмоциялық тұрғыдан түгесіліп, сарқылып қалады.
- Шешімі қандай? Ол үшін ең алдымен осы перфекционизммен күресу керек. Ал ол сөзбен айтуға ғана оңай. Іске келгенде аса қиын. Осы бағытта жасалған зерттеулерді қарай келе, мамандар мынадай кеңес береді: Стандарттарыңызды қайта бір шолып шығыңыз. Олар тым жоғары емес пе? Осы жасап алған ережелеріңіз мақсаттарыңызға жетуге көмектесіп жатыр ма, әлде керісінше кедергі ме? Жауабыңызға қарай келесі қадамдарға көше бересіз. Яғни нақты мақсат қоюды үйренеіп, өзіңізді шектейтін стандарттарды босатыңқыраңыз. Гипотезаларға тексеріп жасаңыз. Болжамдарға тексеріс жасау қиын көрінгенімен, істеп көргенде өте оңай. Айталық, электрон хат жолдап жатқанда қайта-қайта тексерместен жібере салыңыз. Нәтижесі қалай болды? Перфекционистік ойларыңызға шабуыл ұйымдастырыңыз. Ол үшін өзіңізге мойындауыңыз керек. Оның орнына альтернатив көзқарас ойлап табыңыз да, соны шынайы бағалауға салыңыз. Сонда мақсатты тым жоғары қоймайтын боласыз. Қорқынышпен бетпе-бет келуді үйренгеніңіз абзал. Егер сіз жұмысқа шырттай боп киінбей шығуға қорқатын адамдардың типінен болсаңыз, онда сенбі күні далаға айнаға қарамай, ұйқыдан жаңа тұрған адамдай шыға салыңыз. Бұл өте қызық болады.
Прокрастинатор
- Қандай себеппен болса да, прокрастинаторлар бүкіл шаруаны соңына дейін созып жүруге құмар келеді. Кейбірінің айтуынша, солай қысым жағдайда жұмыс істеген өнімдірек екен. Яғни қажет емес нәрселерге мән беріп уақыт құртпауға мүмкіндік береді. Сөйтіп идея үшін қосымша көп уақыт бөледі деседі. Бірақ осы сіздің прокрастинацияңыз әріптестеріңіздің жүйкесіне тиюі мүмкін. Яғни сіз баяу жұмыс істеп, аяқтап болмайтын адам көрінесіз. Одан бөлек, тақалғанда істеген соң ұйқысыз түн, иммун жүйесінің әлсіреуі тағы бар.
- Шешімі қандай? Жұмысты аз-аздан істеуге әдеттеніңіз. Көбіміз үшін ең қиыны — бастап, кірісіп кету. Әлдебір жобаны алдыңыз ба, 15 минут болса да уақыт бөліңіз. Шаруаны бастаған кезде тоқтағыңыз келмей қалады.