Жаңа жылдық мерекеде алаяқтар қандай қулықтарға барады?
Алаяқтар сатып алушыларды көбінесе үлкен «мерекелік жеңілдіктермен», акциялармен, сыйлықтармен қызықтырады. Интернетте тарататын өз жарнамаларында, сондай-ақ электрондық пошта мен мессенджерлер арқылы алаяқтар «Жаппай сатылым», «90%-ға дейін жеңілдік», «Бұрын-соңды болмаған ұсыныс», «Ескі жылдағы соңғы мүмкіндік» деген сөздерді қолданады. Алаяқтар өз ресурстарында «акцияның» аяқталуына дейін қалған уақытты көрсететін түрлі есептегіштерді жиі қолданады. Бұл туралы fingramota.kz толық айтып берді.
Алаяқтардың «сататын» тауарларының ішінде – шыршалар, жаңа жылдық атрибутика, электртехникасы, киім-кешек, аяқ-киім, тағамға белсенді қоспалар және тағы басқа көптеген тауарлар бар.
Тұтынушылардың сеніміне кіру үшін қаскүнемдер танымал әлеуметтік желілерде пайдаланушылардың сұрақтарына жауап бере отырып, аккаунттар жүргізеді. Шын мәнісінде алаяқтар бос ауа «сатады», яғни олар ештеңе сатпайды, олардың мақсаты – өздерінің әлеуетті құрбандарының дербес және төлем деректеріне ие болу.
Алданып қалмаңыз
Қызығушылық танытқан сатып алушылар онлайн тапсырыс беру туралы шешім қабылдап, фишингтік бетке түседі. Егер олар таңдаған тауарларына ақы төлеу үшін өз карточкаларының деректерін енгізсе, алаяқтар олардан барлық ақшаны есептен шығара алады.
Есіңізде болсын! Банк карточкасының артқы жағындағы үш таңбалы кодты және қолданыс мерзімін қоса алғандағы, толық деректемелері – бұл құпия мәліметтер болып табылады және оларды алаяқтарға өз еркімен бергеніңіз ақшаңызды қайтару мүмкін емес дегенді білдіреді.
Сол себепті, онлайн-сауда жасамас бұрын, киберқауіпсіздік ережелерін естен шығармау қажет, алаяқтардың психологиялық айла-шарғыларына берілмеу керек.
Бірінші кезекте, мекенжай жолағында сайттың атауын мұқият тексеріңіз. Егер Сізге танымал брендтен e-mail-ге немесе SMS-хабарлама арқылы тартымды ұсыныс келіп түссе, сізге жіберілген сілтемеге өтпеңіз.
Онлайн – шопинг жасамас бұрын сайттың шынымен интернет-дүкенге тиесілі екеніне көз жеткізіңіз. Компанияның ресми сайтын қолмен теріп, сенім телефонына қоңырау шалып, қолданыстағы сатылымдар немесе ұтыс жүлделер жөніндегі ақпаратты нақтылағаныңыз дұрыс. Сондай-ақ, тек интернете сатып алуларға арналған жеке карта ресімдеп алғаныңыз дұрыс болады.
Телефон арқылы жасалатын алаяқтық
Қаскүнемдер әлеуметтік инженерия әдістері мен заманауи технологияларды қолданады. Егер сіз күмәнді сілтеме бойынша өтіп, фишингтік бетке кірсеңіз, бірақ оны дер кезінде жауып үлгерсеңіз де, сіздің IP-іңіз сақталып қалады. Немесе, егер сіздің байланыс деректеріңіз алаяқтық ресурстарда қалып кеткен болса, бейтаныс адамдардан келіп түсетін қоңырауларға дайын болыңыз, олар өздерін қызықтыратын ақпаратты алу үшін түрлі сылтаулар іздейді.
Алаяқтар өздерін дүкендердің, банктердің, құқық қорғау органдарының қауіпсіздік қызметкерлері ретінде таныстыруы мүмкін және олар кез келген нөмірді ауыстыра алады.
Телефон алаяқтары дегеніне жету үшін сан алуан амалдарды қолданады. Мысалы, сізге қызмет көрсететін банктің атынан салымдар мен кредиттер бойынша тартымды ұсыныс жасау, «қаржылық сатылым» деген желеумен кірістілігі жоғары түрлі инвестициялық өнімдерді арзан бағада ұсыну немесе ірі ақшалай ұтыстар туралы хабарлау. Тіпті алаяқтар қорқытып-үркіту арқылы әрекет етіп, хакерлік шабуыл, деректердің қолды болуы және т.б. туралы хабарлауы мүмкін.
Өз қаражатын сақтау үшін алаяқтар, әдетте, азаматтарға ақшаны «қауіпсіз» шотқа аударуды немесе «қарсы кредиттер» рәсімдеуді ұсынады. Бұл ретте алаяқтар өз құрбандарына ақпаратты тексеруге және ойлануға уақыт бермейді. Шешім дәл осы жерде және қазір қабылдануы керек. Егер сіз дереу ақша аудармасаңыз немесе карта деректемелерін хабарламасаңыз, онда шоттағы ақша жоғалады, сыйлық басқаға беріледі немесе қаржы ұйымының ұсынысы өзектілігін жоғалтады.
Қаржылық алаяқтар – керемет айла-шарғы жасаушылар. Оларға тек төлем картаңыздың мәліметтерін, артқы жағындағы кодты және SMS-ке жіберілген кодты білу қажет. Осы мәліметтерді алғаннан кейін қылмыскерлер сіздің картаңыздағы барлық ақшаны қолды қылады және міндетті түрде ізін суытады. Оларды телефон нөмірі бойынша табу қиын болады, өйткені интернет-телефонияның дамығаны соншалық, қалалық нөмірге шалынған қоңырау автоматты түрде жер шарының кез келген жеріне виртуалды нөмірге бағытталуы мүмкін. Ақша туралы сөйлесетін және құпия ақпаратты айтуды сұрайтын қоңырау шалушыларға сенбеңіз.
Есіңізде болсын! Банктер ешқашан телефон арқылы клиенттердің төлем карталарының деректерін сұрамайды. Банктерде қызметкерлердің іс-қимыл регламенті бар, оған сәйкес олар ешқашан мұндай мәселелер бойынша өз клиенттеріне бірінші болып қоңырау шалмайды.
Мереке қарсаңындағы қарбалас жағдайлардың өзінде қырағылықты жоғалтпаңыз, әйтпесе қаржылық алаяқтардың тұзағына түсіп, ақшаңызды жоғалтып, жаңа жылдық көңіл күйіңіз бұзылуы мүмкін.