Коммуникация құруға көмектесетін 20 әдіс

Жарияланды
Мансап жолында көтерілгісі келетіндерге кеңес

Бастық болғысы келмейтін адам кемде-кем. Бірақ барлығы бірдей карьера жолында көтеріле бермейді. Көбіне оған өзін дұрыс көрсете алмауы, коммуникация құра алмауы себеп болады. Он жерден тәжірибесі мол, сол компанияға еңбегі жылдар бойы сіңген адам болса да, кеше келген қызметкер әп-сәтте өсіп кетуі мүмкін. Мұны жай ғана жолы болғыштыққа жатқыза берген жөн емес. Бүгінгі материалымызда осы туралы айтамыз.

  1. Адалдық — ардың ісі. Осы ұстаным өте қажет. Жұмыс берушілер бизнес-процестер туралы ғана емес, қызметкерлері туралы да ақпаратты нақты әрі уақытылы алып отырғысы келеді. Мысалы, әлдебір тапсырманы орындауға қауқарыңыз жетпей тұрса, үлгере алмай жатсаңыз, қалай жасауды білмесеңіз — мойындауды үйреніңіз. Бұдан қысылудың еш қажеті жоқ. Сонымен бірге ешкім көрген жоқ деп кеңседен бір қаламды болсын қалтаға сала салу да, бастық жоқ екен деп ерте кетіп қалу да осы тізімде бар. Үнемі төбеңізде біреу төніп, бақылап тұрғанда қалай адал істейтін болсаңыз, ешкім жоқ кезде де сондай тәртіп жасап алыңыз. 
  2. Ішкі тәртіп аса маңызды. Негізі еңбек этикасын сақтаған адам ешқашан ұтылмайды. Мақсат қойдыңыз ба мерзімінде орындап, жетіп отырыңыз. Мүмкіндігіңіз жеткенше жақсы қызмет етіңіз. Егер «бастық болу қолымнан келмейді» деген қорқыныш басым болса, сізге ішкі тәртібіңізбен жұмыс істеу керек деген сөз. Өйткені алдымен адам өзін толықтай басқарып үйренеді. Сосын барып басқаларға басшы болады. Жұмысқа уақытылы келуден бастаңыз. 
  3. Үйренудің ерте-кеші жоқ. Бір компанияда жылдар бойы жұмыс істеп қана қоймай, мансап жолында өсіп, жалақыңызды көтеру үшін үздіксіз даму қажет. Өйткені машықты дамытып отырмаса, уақыт алға жылжыған сайын ескіріп кетеді. Кезінде оқыған дүниеңіз араға жылдар салып тіпті өзекті болудан қалады. Өзі үйреніп, оны басқаларға үйретуге құштар адамдар қашан да бағаланады. Басшылық тарапынан әлдебір курсты төлеп беруге ұсыныс түссе, қуаныңыз. Осылайша араларыңызда психологиялық байланыс пайда болады. 
  4. Адамгершілік. Басшылыққа олармен жақсы түсінісетін адамдар көбірек ұнайды. Өйткені өнімді жұмыспен қатар, ұжым ішіндегі ауызбіршілік те маңызды. Ең қиын сәттердің өзінде адамгершіліктің ақ туын қолдан түсірмеңіз. Адамдармен ұғынысып, көңілін таба білсеңіз, ішкі жан-дүниеңіз де тыныш болады. 
  5. Өзіңізді көрсетуден қорықпаңыз. Мысалы, жұмыста сіздің арқаңызда компанияның ақшасы, ресурстары не уақыты үнемделсе, неге мақтанбасқа? Бір аптада істелетін шаруаны екі күнде шешуге қауқарлы болсаңыз, демек сізді бағалау керек. Өзіңіздің артықшылықтарыңызды көрсетуге қымсынбаңыз.
  6. Жұмыстан тыс кезде де компанияңызға адал болыңыз. Сырт көзге компанияның кемшілігін айта беретін адам басшылыққа ұнамасы анық. «Су ішкен құдығыңа түкірме» демекші, іштегіні сыртқа шығара бермеңіз. Тіпті әлеуметтік желідегі имиджіңіз компанияның адалдық саясатына сай болғаны дұрыс.
  7. Басшылықпен жақын араласудан қысылмаңыз. Көпшілігі басшылықпен жақсы сөйлесетін адамды жағымпаз деп ойлайды. Ал негізі жақсы коммуникация құра білу — өнер. Жағымпаздықтың жөні мүлдем басқа. Айталық, топ-менеджерлерден үйренеріңіз көп болса, неге үйренбеске? Араласыңыз, сөйлесіңіз, тәжірибесі жайлы әңгімесін тыңдап, ой түйіңіз. Бұл — жай ғана байланыс орнату. Кез келген компанияда коммуникациясы жақсы адам жоғары бағаланады. 
  8. Ұсақ мәселелерді де, үлкен келіспеушіліктерді де ашық шешіп үйреніңіз. Әркімнің жұмыс істеу стилі, жұмыс темпі, белгілі бір жағдайларда өзін ұстауы әр түрлі. Бір жерде жұмыс істеп жүрген соң, арагідік түсініспеушіліктер болып тұрады. Бұл қалыпты жағдай екенін түсініңіз. Өйткені бұл жер екінші үйіңізге айналады. Ал үйде проблема болып тұрады. Одан қашып құтылу мүмкін емес. Мәселелер ашық талқыланып, шешіліп отыруы керек. Әрине, қандай да бір жеке тақырыптарды қоспағанда. Жиналыстарда айтыңыз, талқылаңыз. Бірақ сырттан айтпаңыз. Ресми мәлімдемелер жасап жатсаңыз, барлығын белгілеп тұрып, поштамен жіберіңіз. Әлдекімді ұнамайтыны үшін қалдырып кетуге болмайды. Өйткені сіздің араласу жүйеңіз ашық әрі түсінікті болуы шарт. Осылайша сіз сенімді, ашық адамдардың санатында боласыз. 
  9. Кімдікі дұрыс болса, сол жақта болыңыз. Жақын араласатын адамыңызды қолдап, араласпайтынды елемеуге болмайды. Ойыңызды анық әрі дұрыс жеткізіп үйреніңіз. Әлдекімдікі қате екенін көрдіңіз бе, кімдікі дұрыс — сол жаққа өтіңіз. Әділдік қай жерде де керек. Жұмыста тіпті маңызды.  
  10. «Уақытша» махаббатқа жол жоқ. Әркіммен бір байланыс құрып, соңын махаббатқа ұластыра беруге болмайды. Өйткені олай ету арқылы өзіңізге жаман атақ қосып аласыз. Шама келсе, нық шешім болмаса, әріптестермен кездесіп жүрмеген абзал.
  11. Маңызды дүниелерді даусыңыз толық естілетіндей, тыныш жерде айтыңыз. Өйткені ар жағы шулап, өзгелерге естілмейтін жерде әлдебір маңызды нәрсе айтсаңыз, біреулер ертеңіне ол туралы естімеген болып шығуы мүмкін. Сөйтіп екі ортада түсініспеушілік туындайды. Біреу дұрыс естімей қалады, басқаша түсініп қалады дегендей. Егер сондай басқаша ұғып қалуы мүмкін сәт болады деп топшыласаңыз, толық тыныш жерде айтыңыз.
  12. Жеке конфликтілерді шешуді үйреніңіз. Жұмыста неше түрлі келіспеушілік болып тұрады. Әріптестеріңізді сынап-міней бермеңіз, күлкіге қалдырмаңыз. Өйткені сол арқылы ұжым ішінде жік шығуы мүмкін. Ал оның соңы жақсылыққа апармайды. Егер әлдебір конфликт бола қалса, біреу келіп шешіп бергенше күтіп отыра бермеңіз. Өзіңіз барып, шешіңіз. Не болғанын дұрыстап саралап, таразылап үйренген жөн. Әріптестеріңізді кінәлай бермей, өзіңіздің де мүлт кеткен тұстарыңызды ойланыңыз. Енді конструктив әңгімеге шақырудың жолы қандай — соны ойластырып көріңіз.
  13. Жеке мәселенің аты — жеке мәселе. Оны жұмысқа ала келмеңіз. Проблема бәрінде бар. Егер барлығы сол аураны кеңсеге алып келе берсе, не болады? Барынша сыртта «тастап» кетуге тырысыңыз. Өйткені көңіліңіз алаң болған кезде жұмысқа тиісті көңіл бөле алмауыңыз мүмкін. Екіншіден, күні бойы «тырысып» жүргеннің еш жақсылығы жоқ. 
  14. Тыңдай біліңіз. Бір қарағанда, оның үйренетін несі бар дерсіз? Отырасың, тыңдайсың, арасында бас изеп қоясың. Болды емес пе? Дегенмен ден қоя білу де — өнер. Бизнес-лидерлер мен кәсіпкерлер арасында осы тыңдай білетін машық өте жоғары бағаланады. Ден қойып тұрып тыңдау арқылы сіз жұмыстағы қарым-қатынасты толықтай жақсартасыз. Әрине, әркімнің жеке мәселесін тыңдап, сонымен бас қатырып кету туралы айтып отырған жоқпыз. Бұл жерде жұмысқа байланысты машық жайлы меңзеп тұрмыз. Айталық, конфликт кезінде жағдайдың қатты ушығып бара жатқанын көрсеңіз, айқай-шудың алдын алу мүмкін емес болса — бірден тыңдаушы рөліне еніп кетіңіз. Қарсы тараптың ойын тыңдаңыз, барынша түсінуге тырысыңыз. 
  15. Біреу үшін ойлап алып, өзіңіз құрастырып алмаңыз. Әлдекіммен сөйлесіп жатқанда, әсіресе маңызды әңгіме кезінде сөзін соңына дейін тыңдаңыз. Барынша ішіндегін айтып қалуға мүмкіндік беріңіз. Өйткені соңына дейін тыңдамаған кезде не айтпақ болғанын ойша құрастырып алуымыз мүмкін. Ал шын мәнінде оның меңзегені мүлдем басқа нәрсе болып шығады. Адамның айтқанын түсіну үшін кейде уақыт таразысына салу қажет. Бірақ солай еткен кезде нәтиже де қуантады. Бірден атылып, сөз таластырып кетпеген абзал.  
  16. Бейвербал сигналдарды түсінуді үйреніңіз. Адам сөйлеп жатқанда оның қимыл-қозғалысы, көзқарасы, даусының тонын бақылап отырыңыз. Сол көп нәрседен хабар бере алады. Өйткені сөйлеп жатқан адамның халін содан білуге болады. Егер ден қойып тыңдай алатын адам болсаңыз, бұл машық сізге оңай сіңеді. 
  17. Әңгіме кезінде ойыңызды басқа жаққа бұра бермеңіз. Сөйлесіп отырған адаммен көз арқылы байланыс болғаны жақсы. Әлденеге алаңдай берсеңіз, қарсы тарапқа ол ұнамауы мүмкін.
  18. Паразит сөздерден аулақ болыңыз. Адам ойын дұрыс жеткізуі үшін дұрыс сөз қолдануы керек. Неғұрлым таза сөйлесеңіз, ойыңызды айқын жеткізесіз. Асықпай, арасында пауза жасап сөйлеген дұрыс. Өте жылдам сөйлегенде ақпаратты сіңіру қиын болады.
  19. Кез келген тақырыпты іліп әкете білсеңіз, тіпті керемет. Әңгімелесе білу шеберлігі деген бар. Оны small talk дейді. Адаммен еркін, еш қымсынбай әңгімелесе кете алу өнері. Кейде не айтарыңызды білмей, үндемей қалған кезде осы әдіс керек. Әлдебір тақырыпты бастап, коммуникацияны жалғастырып кетуге болады. Қобалжу, күйзелісті азайтатын керемет тәсіл.
  20. Жұмысқа қатысты шаруаны жұмыс кезінде ғана жазыңыз. Табысты коммуникация үшін ең маңызды дүниелердің бірі — уақытқа қарау. Өйткені жұмыс уақытынан тыс кезде мазалаған кей адамға ұнамауы мүмкін. Ал жауап бермегені үшін ренжи алмайсыз. Сондықтан басқалардың жеке шекарасына құрметпен қараңыз.
Сондай-ақ оқыңыз