Кредитке той жасау идеясы неге құпталмайды?

Жарияланды
Қыруар қаржыға той жасағаныңыз бақытты өмірдің кепілі болмайтынын ескеріңіз

Той жасау үшін кредит алу елімізде қалыпты жағдайға айналып кеткен. Сомасы да аз емес. Қазақтың тойға қалай «шашылатыны» баршамызға мәлім. Әдемі мейрамхана, жүздеген адам, тойбастар, кәде, құдалық, тәтті шай секілді шығындалатын себеп көп. Әлбетте, «өмірде бір болатын той» деп Абылайдың асындай өткізуді міндеті көретін ата-аналар бар. Одан қала берді жас жұбайлар да интернеттен түрлі идея көріп алып, соны жасауға ұмтылады. Басты оқиға, ең ғажап сәтке теңеп, үлкен мән мен қасиетті отбасылық өмір, тұрмысқа емес, сол бір санаулы сағаттағы церемонияға беріп қояды. Бүгінгі материалымызда кредит алып, той жасау туралы айтамыз.

Неліктен кредитке той жасау жақсы идея емес?

Тереңірек үңілетін болсақ, той — әрі кетсе 5-6 сағатқа созылатын рәсім. Ал оған дайындық бірнеше айды және көлемді қаражатты талап етеді. Енді салқын сананы қосып, ойланып көрсек, сол шамалы сағатқа созылатын сәттер үшін жағдайыңыз келмесе де, несие алып, оны бірнеше жыл төлеген ойға қонымды ма? Қолда бар деректерге қарасақ, 2022 жылдың қаңтар-маусым айлары арасында Қазақстанда 55,1 мың неке тіркелген. Ал осы кезеңдегі ажырасу саны 9 мың екен. Ал 2021 жылы ажырасқандар саны 48,2 мың болған. Бір жылға жетпей екіге кеткендер 2,7 мың болған. Бұл бұдан алдыңғы жылмен салыстырғанда 16 пайызға көп. Өте аз уақыт бірге тұратын жұптар Алматы қаласы, Алматы облысы және Астанадан екен.

Айтпағымыз не? Шашылып, қарызданып той жасаған соң, оның жас жұбайлар өміріне кері әсері болуы мүмкін. Яғни бірнеше жылға не айға тұрақты түрде несие төлеп отыру, отбасы болған соң шығынның көбеюі енді құрылған одақ иелеріне стресс болады. Болмаса, ажырасып кетсеңіз де әлі де тойға алған кредитті төлеп жүресіз. Кейбірі екінші не үшінші рет үйленсе де, бірінші некесінің қарызын жаппаған болып шығады. Әрине, ажырасып кетуіңіз мүмкін болғандықтан кредит алмау керек демейміз. Кім болса да, мәңгілік одақ деп ниеттеніп, үйленеді. Әйтсе де, соның өзінде кредит — қосымша жүк. Отбасында ақшаның жетіспеуі, тапқанның бәрі несие төлеуге кететін болса ол да ұрыс-керістің көп болуына себеп. Бірнеше миллион теңгеге кредит алса, оны бірнеше жылға алатыны белгілі. Яғни айналдырған 3-4 айда жабыла салмайтын сома. Тіпті той өзін-өзі ақтап, жиналған ақшамен мерзімінен бұрын жауып тастаймын десеңіз де, оған еш кепілдік жоқ. Еліміздегі белгілі банктің мобайл қолданбасын ашып, кредит төлемін есептеп көрелік. Мысалы 1 миллион теңгені 4 жылға алсаңыз, айына 45 428 теңгеден келеді екен. Сонда 48 айда үстіне 1 180 500 теңге төлейсіз. Әлбетте, пайызы төмендеу не тиімді шарттары бар басқа банктерді қарауыңыз мүмкін. Айлығыңыздың қанша бөлігін алатынын ойланып көріңіз. Бұған қоса, міндетті төлем, тұратын үйдің ақысы, өзге де қажетіңізге кететін сомалар бар.

Мойныңызға жүк болып бірнеше жылға кредит артылады. Егер мерзімінен бұрын жаба алмасаңыз, жағдай тіпті қиындайды. Өзге де қарыз-кредит қосылуы мүмкін. Араға айлар салып, өмірге бала келу ықтималы жоғары. Табысыңызды арттырмасаңыз, шығын осылай біртіндеп көбейе береді. Жаңа құрылған отбасы ипотека алса, ол алған үйіне жөндеу жасаса дегендей түрлі сценарий құруға болады. Демек, ақша үйлену тойын жасауға емес, осы тұрмысты реттеуге көбірек салынғаны жақсырақ. Кредит төлеуден қиналып кеткенде барып, «кредит алмай-ақ, шағын той жасай салу керек еді» дейтіндер болады. Әрине, бәрі сәтті өтіп, бірден жауып тастап, әрмен қарай жұбайлық өмірге қарызсыз қадам бассаңыздар керемет. Өкініштісі, олай бола бермейді. Сол себепті кредитке батпас бұрын, алдағы 3-5 жылда ай сайын несие төлеп тұруға дайынсыз ба, соны бағамдап алыңыз. Бұл жерде эмоция, жұрттың сөзін шетке ысырып қойған абзал.

Неліктен тойға кредит алу қауіпті?

Тойға өте көлемді қаражат жұмсағандар бастапқыда бұл шешімін ақтауға тырысады. «Өмірде бір көретін қуаныш», «Жағымды эмоциялар мен қуаныштан ақша аямау керек», «Бірдеңе қылып төлейміз, күнде үйленіп жатқан жоқпыз» дейді. Бұл жерде той жасамау керек деген месседж жоқ. Егер сіз үйленуге алдын-ала дайындалып, қор жинап, соған жасағалы жатсаңыз — ғажап. Ондай кезде әбден жарқыратып өткізуге болады. Бірақ қарызға алып, жұбайлық өмірді кредитпен бастау жақсы дей алмаймыз. Несие аларда жақсылап ойлану керек. Қазір басында бірнеше кредиті бар адамға барып, кеңес сұрасаңыз, ол да осыны айтады. Өйткені бұған суық санамен қарау қажет. Қаржылық жағдайыңыз тұрақты болсын десеңіз, кредит аларда жақсылап ойланыңыз. Жан-жақты таразылап барып шешім қабылдаған дұрыс. Шын қажет болатын дүниеге ғана алыңыз. Төлей аласыз ба? Онсыз да айлықтан айлыққа отырсаңыз, кредитті кредитпен жабу сәтті идея емес.

Нақты тойға алынатын кредитке келсек. Мысалы, сіз несиеге смартфон алдыңыз делік. Жағдайыңыз нашарлап кетті де, кредит төлей алмай жүрсіз. Ондай кезде кемінде сол алған затыңызды сатып, несиені жабуға болады. Ал тойда ондай шешім жоқ. Тойға кететін шығын мүлдем басқаша: ол зат сатып алып, кез келген уақытта сатып жіберуге болатындай емес. Интернетте «бүйрегімді сатамын» деген хабарландыруларды кездестіруге болады. Заңсыз іс болса да, кредит пен қарызға белшесінен батқанда шарасыздық адамды осындай қадамдарға итермелейді. Жалпы алғанда, кредитті жылдар бойы төлеу жас отбасыға жақсы емес. Табыс азайса не форс-мажор бола қалса, онда үйдегі біраз дүниемен қоштасып, сатып жіберуге тура келеді. Барынша үнемдеп өмір сүріп, ойын-сауық бас тартасыз. Айлық төлемін кешіктерсеңіз, коллекторлармен танысып, қосымша күйзеліске түсесіз. Бұл әрине ең негатив болжам. Шын мәнінде, одан жеңілдеу өтуі мүмкін.     

Мүмкіндіктерден айыратынын да ұмытпаңыз

Мысалы, сіз аста-төк той жасамай, шағын ғана қарапайым рәсім жасадыңыз делік. Кредит алмадыңыз. Сөйтіп ақша жинай бастадыңыз. Мысалы, айына сол кредитке кететін 45 мың теңгеден жинаса, 4 жылда 2,1 миллион теңге жиналар еді. Бір жылда — жарты миллион. Ал бұл қаражатқа жас отбасы бір аптаға Дубайға барып демалып келе алады. Жалпы кредитсіз өмір, қордағы жинақ көп мүмкіндікке жол ашады. Ипотеканың бастапқы жарнасын жинауыңыз мүмкін. Үйіңіз болса, жақсылап жөндеу жасатуыңыз мүмкін. Кейбірі бірігіп бизнес бастайды. Енді бірі инвестицияға салады. Ал тойға кредит алсаңыз, мұндай мүмкіндікке ие болу қиындайды. Болмаса, қор жинау үшін табысыңызды еселеп арттыруыңыз керек болады. Кредит болса, даму мүмкін емес деуге болмайды. Бәрі мүмкін. Тек кредитсіз жеңілірек.   

Үйленген соң бәрі керемет боп кете ме?

Қазақта «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген бар. Көпшілігі қалайда үйленіп, қарызданса да той жасап, кейін бәрі керемет болып кетеді деп ойлайды. Өкінішке қарай, үйлену — мәселелерді шешпейді. Жай ғана бірлесіп қиындық жеңуге көмектеседі. Бір бастан екеу жақсы дегендей. Бұған дейін айтқанымыздай, үйленгеніне бірнеше ай болған соң ажырасып кететіндер бар. Мұны жоққа шығара алмаймыз. Бірге тұрудың да қиындығы бар. Ол қуанышты сәттерден ғана тұрмайды. Демек, үйленерде «бәрі өзгереді» деген иллюзия болмауы керек. Бұл жерде де салқынқанды шешім қабылдай білу маңызды. Алғашқы қиындықта-ақ екіге кетіп, бірге тұра алмайтынын түсінетіндер де болады. Өйткені отбасы енді құрылған кезде бір-біріне үйренбеген екі адам арасында келіспеушіліктер туындайды. Ең өкінішті сценарий — ажырасу. Мұндай жағдайда кредитті ортақ мәселе туындағанда алсаңыз да, ажырассаңыздар кімнің атына алынса, жауапкершілік сонда болады.  

Тойға ақша жоқ болса, не істеу керек?

Кредит алу не алмау — әркімнің жеке шешімі. Яғни ойлана келе, әркім өзі белгілі бір байламға келеді. Мына нәрсені есте сақтаңыз: тойдың керемет, есте қаларлықтай өту көп қаражатқа байланысты емес. Қарапайым отырыс жасап та, көңілді өткізуге болады. Сонымен бірге қыруар қаражат жұмсап, соңында төбелес, ұрыс-керіспен аяқталып та есте қалуы мүмкін. Осы тұрғыдан алып қарағанда тойды мейрамханада жасап, ең қымбат асабаны жалдап, белгілі әншілерді шақырып, оларға «аспандағы» гонорарын төлеуіңіз бәрі керемет өтетініне кепілдік болмайды. Қазір интернетте шектеулі бюджетпен де жап-жақсы іс-шаралар өткізу тәсілі көп. Соларды бір шолып шығыңыз. Әрине, ақша азырақ кетсін деген адам дайындыққа көп уақыт кететінін ескеруі керек. Бірақ сондай әзірлік жүректе жылы сәттермен есте қалуы да мүмкін. Яғни тойға дайындық, қапылыс — берік байланыс сыйлайды. Мына нәрсені ұмытпаңыз: той — отбасылық өмірдің басы. Ол сіздің барлық мәселіңізді шешпейді.

Сондай-ақ оқыңыз