10 мыңға жуық қазақстандық SKILLS ENBEK платформасында оқыды
2023 жылдың басынан бері 9,8 мың азамат, оның ішінде 1,4 мыңға жуығы жұмыссыз, SKILLS.ENBEK.KZ онлайн кәсіптік оқыту платформасында (бұдан әрі – Платформа) курстардан өткені туралы сертификаттар алды. Платформада жалпы 207,9 мың қазақстандық тіркелді, оның 15,4 мыңы 2023 жылы тіркелген. Бұл туралы ҚР Еңбекмин хабарлады.
Оқудан өткен 1,5 мың жұмыссыз азаматтың 300-і – негізінен Ақтөбе, Алматы, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Алматы қаласының жастары.
Платформа іске қосылған сәттен бастап авторлар онда әртүрлі бағыт бойынша 179 курс жариялады, оның 124-і тегін. Курстардың ұзақтығы 1-ден 72 сағатқа дейін.
Ең танымал курстар – «Разведение КРС молочного направления», «Жылыжайда көкөніс өсіру технологиясы модулінің мақсаты, міндеті және мазмұны», «Выращивание клубники от А до Я», «Сүтті ірі қара өсіру», «Управление персоналом» және «Кассир».
2022 жылдың соңында Skills Enbek платформасында сұранысқа ие дағдылар бойынша тегін курстардың мазмұны кеңейтілді: ауыл шаруашылығы, білім беру және тәрбие, ақпараттық технологиялар, экология және еңбекті қорғау саласындағы әртүрлі кәсіптер бойынша кәсіптік дағдыларды дамыту бойынша екі тілде 8 жаңа онлайн курстар жарияланды.
Бұдан бұрын хабарлағандай, Платформа халықтың білім деңгейі мен кәсібилігін арттыруға, мансаптық дамуды ынталандыруға және «өмір бойы оқыту» тұжырымдамасын ілгерілетуге бағытталған. Ол маркетплейс – қызметтер нарығы қағидаты бойынша онлайн курстарға қол жеткізуді ұсынатын халықаралық оқыту алаңдарына ұқсас құрылған.
Оқуға тікелей https://skills.enbek.kz/ сілтемесі арқылы немесе Электрондық еңбек биржасында (enbek.kz) «Онлайн оқыту» бөлімін таңдау арқылы өтуге болады.
Платформада білім алушы оқытудың қолайлы қарқыны мен тілді, материалды берудің ыңғайлы қағидатын өз бетінше таңдайды, білім беру процесіндегі өзінің прогресін бақылай алады.
Оқу аяқталғаннан кейін білім алушы 70% шекті деңгеймен тестілеу тапсыруы тиіс. Онлайн курсты сәтті аяқтаған жағдайда дағдыларды игеру туралы сертификат беріледі. Курсты аяқтаудың міндетті шарты – студент тарапынан курсты бағалау.
Бұл сертификат Электрондық еңбек биржасында (enbek.kz) тіркелген кезде білім алушы жасаған түйіндемеде автоматты түрде көрсетіледі. Қызметкерлерді іздеу кезінде әлеуетті жұмыс беруші SKILLS.ENBEK.KZ-те табысты оқудан кейін алынған сертификаттарды көре алады.
2022 жылғы наурыздан бастап платформада қолданыстағы функционал оңтайландырылып, жаңа сервистер іске қосылғанын естеріңізге сала кетейік.