Қытайдан жүк тасымалдайтын монополист компанияның иесі кім?
Бүгін Қаржы мониторингі агентігінің Алматы облысы бойынша департаменті «Eurotransit Nur Zholy» ЖШС-не қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтағанын мәлімдеді.
Бұл компания – Қытайдың бейтарап аумағынан Қазақстанға жүк тасымалдайтын жалғыз оператор. Сөйте тұра өз қыметінің құнын заңсыз өсірген.
«Атап айтқанда, компанияға тиесілі бос жүк машиналары ҚХР-ның бейтарап жағынан тауар тиеп, ЖШС қоймасына қайта оралып отырған. Бұл қызметі үшін бағаны, яғни бір рейске (ұзындығы 3 км) заңсыз жолмен қымбаттатқан», делінген хабарламада.
Монополистік қызметінен түскен табыс 4,2 млрд теңгені құрапты. Тергеп-тексеру барысында өз кінәсін мойындаған ЖШС басшылығынан мемлекет кірісіне құны 5,3 млрд теңгеден асатын активтерін аудару туралы өтінішхат түскен. Яғни көлік-логистикалық ұйым орналасқан 3,6 га жер телімі мемлекет меншігіне берілетін болды.
Ашық дереккөздерден алынған мәліметке сәйкес, заңды мекенжайы Жетісу облысының Панфилов ауданында орналасқан «Eurotransit Nur Zholy» ЖШС-нің құрылтайшысы – «Eurotpansit Terminal» ЖШС мен Диханбаев Ерлан Бекенұлы. Ал Eurotpansit Terminal-дың жалғыз құрылтайшысы – EURASIA TRANSIT HOLDING Ltd. Бұл компания – Астана қаржы орталығында тіркелген заңды тұлға. Оның құрылтайшыларының қатарында «Property Investment Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Нұрғазиев Ғалым, Диханбаев Ерлан және Данияр Қайрат бар. «Property Investment Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі соңғы рет 2022 жылдың 10 наурызында қайта тіркеуден өткен, құрылайшылары көрсетілмеген.
Orda.kz порталының жазуынша, Данияр Қайрат – Дариға Назарбаеваның күйеуі Қайрат Шәріпбаевтың баласы. Ал Ерлан Диханбаев жоғарыда аталған компанияның бірінші басшысы. Ғалым Нұрғазиев 2020 жылдың қыркүйегіне дейін «Даму кәсіпкерлікті қолдау қоры» Басқарма Төрағасының орынбасары болған. Біраз уақыт Шәріпбаев деген фамилиямен жүріп, кейін тегін ауыстырған.