Елімізде киік өсіріп, кәсіпке айналдыру мүмкіндігі зерттеліп жатыр

Жарияланды
Ақбөкенді қолға үйрету қаншалықты тиімді?

Бүгінде, киікті қолға үйретіп, зерттеп жүргендердің бірі – Айтуған Мұқашев. Мамандығы – экономист.  Германияда ғылыми жобалармен айналысқан докторант қазір 70 бас ақбөкеннің лағын жеке қожалықта өсіріп жатыр. Ол былтыр 200 бас киікті өсіруге рұқсат алыпты. Қожалығы Ұлытау ауанында орналасқан.

 «Бірнеше жыл бұрын елімізде тек  9 мың киік қалды деген зерттеуден кейін, Қазақстан Дүниежүзілік экологиялық ұйымымен бірге киікті қорғауға көшкен болатын. Бұл жобаны ұйымдастырғанда мен де комитет мүшесі болдым. Содан кейін үкімет киік саны тым көп деген мәлімдеме жасады. Жазықсыз жануарларға дәрі де беріп өлтірді. Тек мүйізі үшін қаншама киік босқа қырылды. Сол кезде мен неге біз тек киіктің мүйізін кесіп алып, денесін қоқысқа тастаймыз деп ойландым.  Маған неге  киіктің еті мен терісін дұрыс пайдаланбасқа деген ой келді. Тек киіктің мүйізі үшін көптеген жануар жойылды. Осы жағдайдың барлығы маған қатты әсер етті. Біздің елімізде киік мәселесі ғылыми тұрғыда қарастырылмаған», дейді Мұқашев. 

Айтуған Мұқашев өз жобасы арқылы  киіктің еті мен терісін өндіріске өткізуді көздеп отыр.

  «Жобаның мақсаты –  киіктерді сақтау. Бұл ғылыми жоба арқылы біз киіктің еті мен терісінің пайдасын зерттейміз. Жалпы біздің елде киік асырауға рұқсат бар. Бірақ мемлекет бұл іске қаржы қарастырған жоқ. Жеке инвесторлар да ақша бөлгісі келмейді. Біз өз қалтамыздан қаражат шығарып, киік мәселесін зерттеуді бастадық. Сөйтіп, былтыр біз мемлекеттен 200 киік лағын асырауға рұқсат алып, зерттеуді бастадық. Бірақ кейбір жағдайларға байланысты тек 70 лақ асырап отырмыз. Елімізде негізінен киіктің үш популяциясы бар. Аты бір болса да, көлемдерінде айырмашылық бар. Осы үш түрлі киікті бірге өсірсек, қалай болатынын зерттегіміз келеді», деді Мұқашев.

Алайда 70 ақбөкеннің 67-сі бүгін де қолға бейімделіп келеді екен. Киіктердің лақ кезінен 4-5 адам  зерттеуге жұмылдырылған.

«Бірақ бұл киіктер қазір өсті. Сондықтан қазіргі кезде бұл іс көп адам қолын талап етпейді. Бұл киіктер арнайы қоршалған табиғи жайылымда жүр. Бұл пилоттық жоба болғандықтан мемлекет қаражат бөлмейді». деді ол.

Оның дерегінше, әлемдік тәжірибеде киікті қолға үйрету мүлдем болмаған. Біздің ел  дала жануарларын қолға үйреткен халық ретінде тарихи жаңалық ашайын деп тұр. Ақбөкендер көшіп-қонып өмір сүретіндіктен, бір жерде тұрақтамайтын жануар. Айтуған оларды енді үш жыл қолға үйретіп көреді. Егер үш жылдан кейін қолдағы киіктері көбейіп, нақты нәтиже берсе, онда ақбөкен шаруашылығын дамытатын болады.  

 «Киікті қолға үйрету оңай емес. Қолдан сүт ішкені болмаса, адамдарға көп жақындамайды. Тек қоршауда жүреді. Бұл жобаның нақты пайдасын тек үш жылдан кейін ғана айта аламыз. Себебі, қазіргі таңда киікті союға рұқсат жоқ. Сондай-ақ, киікті басқа елге шығаруға болмайды. Қазір тек ғылыми жұмыстар үшін киікті қолға асырап, бағуға болады», деді Мұқашев.

Деректерге сүйенсек, ақбөкендер Қазақстан жерінде өте көп шоғырланған. Олар Ресей, Монғолия, Түрікменстанда да көптеп кездеседі.

Еске сала кетейік, былтыр еліміздің батыс облысындағы фермерлер «киіктер егінімізді таптап, шөбімізді жеп қойды» деп шағымданған еді. Сол шағымнан кейін, Зоология институты 80 мың киікті азайту туралы  Үкіметке ұсыныспен шықты. Алайда, көпшілік киікті атуға қарсы шықты. Бүкіл әлеуметтік желі парақшалары қарсылық акцияларына толып, қоғам белсенділері дау тудырды. Содан кейін киік мәселесі шешімін таппағандықтан биыл 2023 жылдың мамыр айында ақбөкендердің популяциясын зерттеуге қатысты халықаралық сарапшылар басқосуы өтетін болды. Дегенмен, киікті қырмаудың жолын ұсынған ғалымдар бүгінде жануарларды зерттеуге кірісіп кетті.  Қазіргі таңда Қазақстанда 1815 киікті тек ғылыми зерттеу мақсатында аулауға рұқсат етілді. Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің бас сарапшысы Асқар Абдарахмановтың айтуынша, жоғарыда айтқан 1815 киіктің бәрін аулау көзделіп отырған жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз