Туризмді дамыту үшін қонақ үйлерді «eQonaq» ақпараттық жүйесімен қамту көзделген

Жарияланды
Шетелдік туристердің саны 4 млн дейін өсуі тиіс

Туризм саласы экономиканың өсуінің жаңа көзіне айналуы тиіс. Бұл туралы ҚР ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев және туристік саланың 120-дан астам өкілінің қатысуымен өткен жиында ҚР туристік саласын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасының таныстырылымында айтылды.

«Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов жиынды ашып, Мәдениет және спорт министрлігіне тұжырымдамалық тәсілдерді алдын ала талқылау мүмкіндігі үшін алғысын білдірді.

 «Қауымдастықтармен және туристік сала өкілдерімен тұжырымдаманың жобасын талқылауымыз керек деп санаймыз. Туризм үлкен салааралық байланысқа ие. Жеке іс-шаралар бірнеше салаға әсер етуі мүмкін. Сондықтан барлық тарапты тыңдап, тепе-теңдікті сақтау өте маңызды. Әріптестер, бүгін нарықтағы әр мәселені, ескертулер мен ұсыныстарды талқылау қажет», – деді Мақсат Қиқымов.

 ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев бірінші кезекте Ұлттық палата мен бизнестің барлық ұсынысы мен ескертулерін жинап, құжатты осы жылдың 8 ақпанына дейінгі мерзімде премьер-министрге ұсыну қажет екенін атап өтті.

«Құжат алдын ала Үкіметтің қарауына жіберілді, барлық ескерту назарға алынды. Қазір министрлік өкілдері Ұлттық палата мен бизнестен кері байланыс алғысы келеді. Тұжырымдама жобасына Мемлекет басшысының халықаралық аренада Қазақстанды ілгерілету, визасыз елдер санын 100 мемлекетке дейін ұлғайту, авиабилеттер бағасын төмендету, ішкі нарықты сапалы автожолдармен қамтамасыз ету сияқты осы салаға қатысты тапсырмалары енгізілді», – деп атап өтті вице-министр.

 Құжат Ұлттық жоспармен өзара байланысты. Онда үш тәсіл мен іс-қимыл жоспарын қамтыды: туризм инфрақұрылымы, логистиканы құру және дамыту, қолайлы іскерлік климат құру және сервис сапасын арттыру, туристік әлеуетті ілгерілету және 567 млрд теңге сомасына 89 ірі іс-шараны қамтиды.

«Біз республикалық бюджеттен қаржыландыруды талап ететін іс-шаралар санын қысқарттық. Қаражат бөлініп қойған шаралар қалдырдық», – деді Ержан Еркінбаев.

 Құжатқа сәйкес 2030 жылға қарай Қазақстанда саяхат пен туризмді дамыту индексінің өсуін, ішкі туристердің 11 млн адамға (2022 жылдың 9 айында  6,5 миллион адам), шетелдік туристер 4 миллионға дейін (9 айда. 2022 ж. 0,6 млн. адам), қызметтер экспорты 5,5 млрд. (9 айда. 2022 ж.1,3 млрд.), барлық қонақ үйлерді «eQonaq» ақпараттық жүйесімен қамту көзделген.

 Сонымен қатар, вице-министр туристік саланы мемлекеттік қолдау шараларының тізбесін кеңейтуді көздеп отырғанын атап өтті.

Тұжырымдама жобасын талқылау барысында турбизнес өкілдері құжатқа туристік саланы дамытудың бірқатар маңызды мәселелерін енгізуді ұсынды. Мысалы, құжат жердің нысаналы мақсатын өзгертпестен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде қонақ үйлер мен глампингтер салуға рұқсат беру бөлігінде пысықтауды талап етеді. Кәсіпкерлердің айтуынша, қолданыстағы ережелерге сәйкес қонақ үйлердің иелері ауыл шаруашылығы жерлерінде құрылыс салуға тыйым салынғандықтан қызметін кеңейте алмайды.

Сондай-ақ оқыңыз