Баламалы қуат көзін шаруалар жиі қолдана бастады
Қазақстанның шағын шаруа қожалықтарында биылдан баламалы энергия көздері мен ылғал үнемдейтін технологиялар пайдаланыла бастайды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы негізінде жүзеге асып жатқан бұл жобаны Жапония мемлекеті қаржыландырып отыр.
Өткен жылдың күзіне дейін «Атамекен» ҰКП сайтында шаруа қожалықтарынан осы жоба бойынша өтінімдер қабылданған. Онда 36 фермер қатысуға ниет білдірген. Осы күнге дейін ол өтінімдердің БҰҰ Даму бағдарламасы бекіткен критерийлерге сәйкестігі анықталып, ішінен 10 шаруа қожалығы іріктелді. Атап айтқанда, жылқы шаруашылығы, етті мал шаруашылығы, құс және қой шаруашылығы, көкөніс шаруашылығы, дәрілік шөптер мен жидек өсіру, балық шаруашылығы, сүт-тауар шаруашылығы, сүт өңдеу сияқты 10 бағыт негізге алынған.
Ал іріктеуден соң, «Атамекен» ҰКП, БҰҰ Даму бағдарламасы мен Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігінің өкілдері аталмыш шаруа қожалықтарын аралап, жағдайымен танысып шыққан.
«Біз жобаның іске асырылуы барысында шаруалармен және әкімдік өкілдерімен тікелей араласып, бұл мәселені әбден талқыладық. Өңірлердегі шаруа қожалықтары мен жылыжайларға барып, әрбір шаруа кәсібінің шынайы бейнесі мен әлеуетін түсінуге мүмкіндік алдық», дейді «Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеев.
Жоба негізінде шаруа қожалықтарының табиғи және климаттық ерекшеліктері, географиялық аймағының жағдайы түгел ескерілген екен. Нәтижесінде төрт аймақ, яғни Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының кәсіпкерлерімен жұмыс істеуді ұйғарған. Сонымен бірге заманауи технология орнатылатын қожалық иелері өзінің тәжірибесімен көрші шаруашалықтармен бөлісіп отыруы міндеттелген екен. Яғни олар осылайша басқа шаруаларды да энергия көздерін үнемдейтін технологияны пайдалануға ынталандыруы керек. Жалпы, экологиялық таза, жасыл технологияны енгізуге ниетті кәсіпкерлер көп екен. Алайда қарапайым шаруа үшін бұл технология қымбатқа түседі.
«Фермерлердің айтуынша, олар өз шаруашылықтарында жасыл технологияларды енгізгісі келеді. Сондықтан бұл сала айтарлықтай қолдау көрсетуді қажет етеді. Алдағы уақытта суды үнемдейтін қондырғылар мен күн батареялары іріктеуден өткен шаруашылықтарға орнатылады. Барлық шаруалар Қазақстан аумағында жиі болып тұратын құрғақшылық мәселесінің атарлықтай қиындық тудыратынын, бұл фермерлердің шығынға ұшырауына әкелетінін айтып жатыр. Сол себепті біз жоба аяқталғаннан кейін де, қатысушылардың көршілес шаруашылықтармен тәжірибе алмасуы жөнінде келісімге келдік. Осылайша аталмыш шаруа қожалықтары көпшілікке үлгі боп, білім беру алаңдарына айналуы мүмкін», дейді БҰҰ Даму Бағдарламасы жобасының жетекшісі Сәулет Сәкенов.
Жобаға қатысып, іріктеуден өткен «Шелек фермерлері» ауылшарушылық өндірістік кооперативіне хабарлысып, олардың қандай бағытта жұмыс істеп жатқанын сұрап білдік.
«Біз жоба негізінде шағын жылыжайларға күн сәулесі энергиясы арқылы жұмыс істейтін құрылғылар орнатуды БҰҰ Даму бағдарламасымен, «Атамекен» ҰКП бірігіп жүзеге асырғымыз келіп отыр. Бұл жылыжайларда шаруалар көшет отырғызып, көктемгі науқанға дайындалады. Неге десеңіз, біздің фермерлеріміз үшін көшет отырғызу мәселесі, бүгінде аса маңызды болып отыр. Өйткені олардың көбісі қаізргі уақытта көшетті үй жағдайында өсіреді. Онда ауаның ылғалдығы, температураның жоғары немесе төмен болуы түгел ескерілуі керек. Ал үй жағдайында ондай жағдай жасау өте қиын. Мұндай жылыжайлар өз кезегінде шаруалардың шығынға ұшырамай, сапалы өнім алуына септеседі», дейді «Еңбекшіқазақ ауданы жергілікті қауымдастықтар қорының» атқарушы директоры Бақытгүл Елшібаева.
«Шелек фермерлері» кооперативінде бірнеше қожалық баламалы энергия көзін қолданады.
«Ауданда 4 шаруа қожалығы, 1 агробизнес орталығы баламалы энергия көзін пайдаланып отыр. Атап айтқанда, 1 ірі-қара өсіретін жеке шаруашылық, Бөлек ауылында екі құс шаруашылығы күн сәулесі қуатын және жел қуатын өндіретін технологияларды пайдаланады. Ал төртінші құрылғыны ауылдардан сүт қабылдап, зауыттарға өткізетін кәсіпкер тиімді тұтынып келеді. Бұл қуат көзі шаруалар үшін ғана емес, жалпы сол өнімді тұтынатын қарапайым халық үшін де тиімді. Себебі, өнім өндіруде қаншалықты шығын аз болса, соншалықты бағасы да арзан болады. Біз бұл жобаға қатысу арқылы өз өңіріміздегі шағын шаруашылықтарға баламалы энергия көздерін тұтынуды енгізгіміз келеді. Мұндай заманауи технологияларды тіпті шағын шаруашылықтар да пайдалана алатынына көпшіліктің көз жеткізгенін қалаймыз. Себебі, бұл үнемді, пайдалы, қоршаған ортаға зиян тигізбейді. Бұл технологиялар бір ауыл-аймақтың ғана емес, бүкіл әлемдік деңгейде экологияға оң әсер етеді. Сондықтан мұндай жобалардың халықаралық деңгейде жүргізіліп жатқанықуантады», дейді Бақытгүл Қазезбайқызы.
Бұл бастама өнімділікті арттыруға көмектесіп қана қоймай, қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтуға ықпал ететіні анық. Көптеген шаруа қожалықтарында жүзеге асырылуы мүмкін жаңартылатын энергия, суды пайдалануды цифрландыру және құрғақшылықты дұрыс басқару саласындағы жаңа технологияларды енгізу – Үкімет жоспарында бар.