Қазақстан зейнетақы активтерін басқаруға шетелдік компанияларды тартуды жоспарлап отыр

Жарияланды
Зейнетақы активтерін басқару мәселесі тақыланды. Фото: shutterstock.com

Ұлтттық банк зейнетақы активтерін басқаруға рейтингі жоғары шетелдік еншілес ұйымдарды тартуды ұсынады. Сенат отырысында ҰБ төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова БЖЗҚ-ның инвестициялық стратегиясында активтерді басқаруға жеке басқарушы компанияларды тарту мүмкіндігі қарастырылғанын мәлімдеді.

«Мемлекет басшысының жарлығымен бекітілген Ұлттық іс-шаралар жоспарының 6-тармағын іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілді. Бұл тармақ БЖЗҚ-ның тиімді инвестициялық стратегиясын әзірлеуді көздейді, зейнетақы активтерін басқаруда жеке басқарушы компанияларды тарту мүмкіндігі қарастырылған», деді Молдабекова.

БЖЗҚ салымшыларына салымшының қалауы бойынша жинақталған зейнетақы қаражатының 50 пайызына дейін жеке басқаруға беру құқығы ұсынылып отыр.

«Айта кететін жайт, бұл мүмкіндікті зейнетақы қорындағы жинағы жеткілікті шектен асатындар ғана пайдалана алады», деді Молдабекова.

Сондай-ақ салымшы зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емге пайдалануды көздейтін болса, БЖЗҚ салымшылары жеке басқаруға аударған зейнетақы жинақтарын жеткіліктіліктің ең төменгі шегін есептеуге қосуды көздеу ұсынылады.

БЖЗҚ зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесін қайта қарау арқылы жеке басқарушы компаниялардың инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейту жоспарлануда.

Зейнетақы активтерінің табыстылығын қамтамасыз ету үшін жеке басқарушы компанияларға қойылатын талаптарда қатаңдатылмақ.

Зейнетақы активтерін басқаруға жеке активтерді басқару компанияларын жіберу критерийлерін, оның ішінде зейнетақы активтерін басқаруға кредиттік рейтингі жоғары шетелдік еншілес ұйымдарды тарту мүмкіндігін кеңейту жоспарланып отыр.

ҚазАқпарат агенттігінің жазуынша, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева қазіргі кезде қазақстандық басқарушы компанияларда инвестициялық портфельді басқаруға лицензиясы болуы керек дейді. Сонымен қатар, олар капитал бойынша қосымша талаптарды орындап, өз қызметтерінде заң бұзуға жол бермеуі тиіс. Бұл тұрғыда олардың қазақстандық резидент ретінде ірі акционері болуы керек.

«Аталған талап қайта қаралатын болады. Зейнетақы активтерінің қомақты көлемін басқаратын, сондай-ақ Ұлттық қордың активтерін басқаратын белгілі шетелдік басқарушылар бар. Қазіргі кезде олар өздерін тиімді басқарушы ретінде танытып отыр. Сондықтан Қазақстан аумағында активтер бойынша шетелдік басқарушылардың мүмкіндігін кеңейтуді ұсынып отырмыз», деді ол.

Бұл тұрғыда М. Хаджиева аталған басқарушы компанияларды іріктеу кезінде олардың инвестициялық әрі кредиттік рейтингілері басты назарда болатынын нақтылаған.

Қазіргі кезде Ұлттық банк БЖЗҚ-ның 14,6 трлн теңге активін басқарады. Оның 49,7%-ы (7,2 трлн теңге) Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына, 11,4%-ы (1,6 трлн теңге) – квазимемлекеттік сектордың облигацияларына, 6,4%-ы (945,9 млрд теңге) – екінші деңгейдегі банктік облигацияларға, 5,5%-ы (812,1 млрд теңге) – шет мемлекеттердің мемлекеттік қарызында, 2,5%-ы (370,9 млрд теңге) халықаралық қаржы ұйымдарының, оның ішінде Еуропалық қайта құру және даму банкі, Еуразиялық даму банкі және Азиялық даму банкінің бағалы қағаздарында инвестицияланған.

ейнетақы қоры қаражатын тағы төрт жеке ойыншы басқарады: Jusan Invest (4,2 млрд теңге), Halyk Global Markets (2,6 млрд), BCC Invest (1,5 млрд) және Centras Securities (0,9 млрд). 

Сондай-ақ оқыңыз