Мәжіліске 900-ге тарта, мәслихаттарға 12 мыңға жуық үміткер сайлауға түсуге ниетті
Орталық сайлау комиссиясының дерегінше Парламенттің төменгі палатасына депутат болудан 892 адам үмітті.
ОСК төрағасының орынбасары Константин Петровтың айтуынша, 7 саяси партия ОСК-на өз партиялық тізімін ұсынды. Онда 283 адам бар. Қазақстанның Халық партиясы – 52 үміткер, «Ақ жол» партиясы – 54, ЖСДП – 19, «Байтақ – 18», «Ауыл» – 25, «Respublica» – 25, «Amanat» – 90 адамды тізімге қосқан.
ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтың сөзінше, тіркелген барлық 7 саяси партия Парламент Мәжілісінің 69 мандаты үшін саяси додаға қатысатын болады.
Ал, бір мандатты аумақтық сайлау округтерінен 609 кандидат ұсынылған.
«Жалпы республика бойынша әр сайлау округіне орташа бәсекелестік 21 кандидатты құрайды. Ең жоғарғы бәсекелестік Астана қаласының 2 сайлау округінің әрқайсысы бойынша 63 кандидаттан. Ең төменгі көрсеткіш Ұлытау облысының сайлау округі бойынша 6 адам бір мандатқа», – деді комиссия төрағасы.
Алматы қаласында үш округ бар. Олардың екеуі бойынша 49 кандидат, біреуінде 45 кандидат ұсынылған. Ұсынылған кандидат саны бойынша алғашқы үштікте Ақтөбе қаласы бар. Қаладағы бір округқа 24 адам кандидаттықа ұсынылған.
ОСК төрағасының орынбасары Константин Петровтың дерегінше мәслихатқа депутат болудан 12 мың жуық адам үмітті.
«Бір мандатты округтар бойынша статистика мынадай: облыстық Мәслихаттар сайлауына 1720, адам ұсынылды,қалалық және аудандық мәслихаттар сайлауына 10 124 кандидат ұсынылды», деді Петров
Мәжіліс пен Мәслихат сайлауы 19 наурызда өтеді. Үміткерлерді тіркеу 18 ақпанға дейін жалғасады.