Мұнай өңдеу зауыттарының уақытша тоқтауы баға саясатына әсер етпеуі тиіс

Павлодар мұнай-химия зауытында дизель отынының өндірісі уақытша тоқтатылды

Павлодар мұнай-химия зауытында дизель отынының өндірісі уақытша тоқтатылды.  Зауыттың баспасөз қызметі таратқан мәліметке сенсек, өндіріс орнындағы  сутегі өндіру қондырғысында ақау анықталған.

Дәл қазіргі уақытта Қазақстанда бар-жоғы үш мұнай өндіру зауыты бар. Соның ішіндегі Павлодардағы зауыт біздің астықты өлкеге, сонымен қатар әртүрлі стратегиялық бағыттағы өндіріс орындарына жақын орналасқандықтан,  аталған зауыттың өніміне деген сұраныс көктемгі, күзгі дала  жұмыстарының қызған уақытында жоғарылайтыны белгілі.

   Осыны біле тұра болмашы ақауларды сылтау етіп нағыз қажет кезінде дизель отынын өндіруді уақытша тоқтатуы күдік пен күмән тудырады. Бұл жерден аталған зауыттың акционерлері елдің,  ұлттың мүдддесін емес, керісінше өздерінің қара басы мен қалтасын  ойлауының жолы деп айтуға болады. Жылдар бойы осы әдіспен кірістерін белгілі бір дәрежеде көбейтіп алуды әдетке айналдырып алған сияқты. 

Өкінішке орай, статистикаға қарайтын болсақ,  жылда осы зауыт көктемгі дала жұмыстары  мен күзгі жиын-терін уақытына шамамен 15-20 күн қалған кезде, «автоматты түрде» жоспарлы жөндеуге немесе бүгінгідей бір «ақау шықты»,- деген желеумен жабылып отырғанын көріп отырмыз.

Ол, аздай  бірінші наурыздан бастап Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытының да жоспарлы жөндеуге жабылатыны туралы ақпарат бар. Яғи, елдегі  айналдырған үш зауыттың екеуі дәл науқан кезіндегі дизель отынына деген жоғары сұраныс туындаған сәтте өз өнімдерін азайтуға қадам жасап отыр. Меніңше,  бұл жерде Үкімет осындай қадамға  барған зауыттарға қатаң жазалар қолдану жағын қарастыру керек деп санаймын. Өзге өркениеттті дамыған елдерде  бұндай жағдай орын алса зауыт басшыларымен акционерлеріне өте қатаң шара қолданады. Бізде бар болғаны  ескерту берумен ғана шектеліп жатады. Бұл жерде тағы қайталап айтамын, әкімшілік бақылаудың әлсіздігі байқалады. 

Мысалы, Шымкентте қазірдің өзінде Мемлекет дизел отынының литрі 230 теңгедеп бекіткеніне қарамастан,  қаладағы жолаушы тасымалымен айналысатын компаниялар аталған өнімді өз автобустарына 265 теңгеден салып алуға мәжбүр болып отырғанын айтуда.  Бұл мәжбүрлік  компанияның айтарлықтай шығынға ұшырауына, оның арты жол жүру бағасының қымбаттауына  әкеп соқтыратыны айтпаса да түсінікті жағдай.   

Бұл жерден де жоғарыда айтқанымдай белгілі бір мүдделі топтың ғана қалтасын артық қампайту үшін жасалып жатқан әрекетті көруге болады. Тағы бір айта кететін мәселе, дизельдік отынды тек егін жұмыстары кезінде емес, одан басқа да уақытта сұранысы өте жоғары өнім ретінде қарауымыз керек.

Мысалы, қалааралық тіпті  халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын ауыр жүк көліктері 100 пайыз отынның осы түрімен жүреді. Яғни, дизель қымбаттауы,  түрлі деңгейдегі тасымалдау қызметінің де айтарлықтай шарықтауына әкеп соқтырады. Соның кесірінен тұтынушының алдына барған тауар қымбаттайды. Бұл барып, қарапайым тұтынушының қалтасына   салмақ болады. 

Бұдан шығатын қорытынды: бір ғана зауыт жұмысының уақытша тоқтатуы салдарынын онсыз да ауыздықтай алмай отырған инфляцияның одан әрі өршуіне мүмкіндік беріп  отырмыз.  

Енді, бұл жерде Үкімет бар, басқа бар құзырлы қадағалаушы орындар не істеуі керек?,-деген сауалға келейікші. Меніңше осындай жағдай болған кезде Үкіметтік арнайы комиссия құрылуы керек. Ол комиссия қандай науқандық болсын, былай уақытта да кез-келген тұтынушы өзіне қажетті жанар-жағар майды Үкімет бекіткен бағамен, көлем жағынан ешқандай шектеу көрместен тұтына алуын қадағалау керек. Мұнай өңдеу зауыттарының дәл бүгінгідей әртүрлі «сылтаулармен» уақытша деп жабылуы белгіленген баға саясатына әсер етпеуіне күш салуы тиіс.

 Сонымен қатар түрлі қоғамдық ұйымдар мен бірқатар қадағалушы орындар күнделікті мониторинг жасап отырсып, қортытындысымен Үкіметті күн сайын хабардар етіп отыруы керек. Сонда ғана бұл жазылмаған «заңдылық» сиқты проблемадан құтыла аламыз. Егерде  жылдағыдай басында «қарапайым халық бір шулап,  артынан басылатын»,- үрдіс қайталанатын болса, ешқандай да өзгеріс күтпей-ақ қойсақ болады.