«Ұлттық қор – балаларға» жобасы: төлем доллармен беріледі
Сенаттың қаржы және бюджет комитетінің депутаттары бірқатар министрлік өкілдерімен кездесіп, Ұлттық қор қаражатын пайдаланудың тиімділігі мен жаңа тәсілдері мәселесін талқылады.
ҰЛТТЫҚ ҚОРДАН ҚАРЖЫНЫ КІМДЕР АЛАДЫ?
Кездесу барысында Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков Ұлттық қорға түсетін инвестициялық табыстың тең жартысы балалардың шотына қалай аударылатынын айтты.
«Ұлттық қор – балаларға» жобасы 2024 жылдан бастап жүзеге асады.
Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50%-ы 18 жасқа дейінгі барлық жастағы балалар арасында бөлінеді.
«Инвестициялық табыстың мөлшерлемесін алдыңғы кезеңдердегі орташа жылдық мән негізінде айқындау жоспарланып отыр. Болжам бойынша мұндай тәсіл осы бағдарламаға туғаннан бастап қатысатын балаға жыл сайын 150-160 АҚШ доллар көлемінде 18 төлем алуға мүмкіндік береді», – деді Дәурен Темірбеков.
Жоба операторы ретінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы бекітілген.
«Инвестициялық табыс мөлшерлемесін алдыңғы 18 жылдағы орташа жылдық мән деңгейінде айқындау ұсынылады, сонда бала жинақтарының болжамды сомасы шамамен $3 500 АҚШ долларын құрауы мүмкін. 18 жасқа толғанға дейін ақша Ұлттық қорда қалады және қаржы құралдарына инвестицияланады», деді қаржы вице-министрі.
Бала туған кезде шот Әділет министрлігінің жеке тұлғалар дерекқорының ақпараты негізінде тіркеу кезінде автоматты түрде ашылады.
Сондай-ақ жыл сайын 1 қаңтарда 18 жасқа толғанға дейін шоттағы қаражатты шартты түрде есептеу жүргізіледі.
«Шотта жинақталған қаражатты 18 жасқа толған кезде ғана пайдалануға болады. Жобаға Қазақстан азаматтары ғана қатысады. Бала 18 жасқа толған кезде шоттан қаражат төлеу АҚШ долларымен жүзеге асырылады. 18 жасқа толған кезде қаражат баланың меншігі болады, ол қаражатты қалай пайдалану керегін өз бетінше шешуі керек», – деді Дәурен Темірбеков.
Бала шетелдегі оқу ақысын осы қаражат арқылы төлей алады. Алайда тұрғын үй сатып алғысы келсе, жылжымайтын мүлік тек Қазақстанда болуы шарт. Осы қаражатқа сатып алынған тұрғын үйді қайта сату бойынша шектеу жоқ.
БАЛА ҚАЙТЫС БОЛСА, АҚША ҚАЛАЙ ЖҰМСАЛАДЫ?
Жиын барысында Сенат депутаты Бекболат Орынбеков бала 18 жасқа дейін қайтыс болған жағдайда шоттағы қаражат қалай жұмсалатынын нақтылады.
Дәурен Темірбековтің айтуынша, бастапқыда бала қайтыс болса, оның шотындағы қаражатты бауырлары арасында бөлу немесе Ұлттық қорға қайтару деген нұсқа болды.
«Бастапқыда ол қаражатты отбасы мүшелері арасында бөлу туралы ұсыныс түсті. Отбасыда 2-3 бала болса, отбасының басқа мүшелері арасында бөлу ұсынысы қаралып жатыр», – деді Дәурен Темірбеков.
Вице-министрдің сөзінше, ұсынылып отырған бастапқы жоба жақын арада қағаз жүзінде бекітіледі.
Сондай-ақ вице-министр қордағы ақша құнын жоғалтпайтынын айтты.
«Өйткені шоттағы салым доллар бойынша сақталады. 18 жасқа толғанда барлық ақша доллармен беріледі. (…) Әр ата-ана өз баласының шоттағы ақшасын бақылай алады. Egov mobile мобильді қосымшасы арқылы ақпаратты көруге мүмкіндік береміз», – деді Дәурен Темірбеков жиыннан кейін.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ақпаратына сәйкес, ЖСН және туу туралы куәліктің нөмірі енгізіледі. Сол кезде баланың шотында қанша қаражат бар екені туралы ақпаратты көруге болады.
Жиын соңында комитет төрағасы халықты ақпараттандыру жұмысына көңіл бөлу қажет екенін айтты.
ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ
2022 жылдың 1 қыркүйегінде мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын балалардың шотына аударуды ұсынды.
«Жастар жылы аясында «Ұлттық қор – балаларға» жаңа бағдарламасын бастау өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын балалардың арнайы жинақтаушы шотына мерзімінен бұрын алу құқығынсыз аударуды ұсынамын», – деді мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, кәмелетке толғанға дейін жинақталған сома тұрғын үй сатып алуға және білім алуға жұмсалады. Бұл қаражат өскелең ұрпаққа ересек өмірге нағыз жолдама береді.