2023 жылы экономикасы дамыған он елдің тоғызында өсім баяулайды – болжам

Жарияланды

2022 жылы жаһан экономикасының асты үстіне шыққан жоқ. Дегенмен ауқымды тектоникалық өзгерістер де болмай қойған жоқ. Әлем Ресей бидайы мен Ресей энергетикасынсыз ақ күн көре алатынын көрсетті. Әрине, бұл оңайға түскен жоқ. Әрі әлем түп-түгел Ресей импортынан арылды деп айтуға тағы келмейді. Бірақ Украинадағы соғыс салдарынан жеткізу тізбектері бұзылды және ұзарды, тасымал құны өсті, Еуропа Ресей энергетикалық тауарларына ішінара эмбарго жариялады. Бұдан бөлек Қытайдың қайтадан ковидтік шектеулерге байланысты шекарасын қымтап алуы да тәуекел тудырмай қойған жоқ. Әлемді инфляция басты. Салдарынан орталық банктер ақша-несие саясатын мәжбүрлі түрде қатаңдатуға көшті. Оның ішінде біз де бармыз. Шашырап отырған жоқпыз, тек 2022 жыл дегенде қандай да бір нақты сипаттама берудің қиындығын айтқымыз келеді. Ауызға ілігетін ел де көп, проблема да көп. Соның бәрі айналып келіп әлем экономикасының бір бөлшегі болып отырған Қазақстанға да аяусыз әсері мен салдарын тигізеді.

Әлемдегі аса ірі астық тасымалдаушы саналатын Украинаның да біраз уақытқа ойыннан шығып қалуы лезде-ақ экономикалық географияда қара қуыс туғызды. Шамамен жарты жылдан астам уақыт Украина өз астығын Қара теңіз үстімен тасымалдай алмай қалды. Бұл өз кезегінде азық-түлік бағасының рекордтық деңгейге дейін өсуіне, инфляция өсіміне, импортқа тәуелді дамушы елдердегі азық-түлік тәуекеліне әкеліп соқты. Дегенмен жыл ортасынан бастап аталған тәуекел біртіндеп төмендеді. Сарапшылардың айтуынша, бұған әлемдік экономика жүйесінің икемділігі сеп болды.

«Жеке тұтыну көлемінің өсуі әлемдік экономиканың пайдасына жұмыс істеді. Көп елдер экономикалық белсенділігін қалпына келтіріп кейінге қалдырылған сұранысты өтеу үшін үй шаруашылықтарының шығынын ұлғайтты. Бұл әсіресе қызмет көрсету секторында байқалды. Күн санап өскен сұранысты қанағаттандыру үшін бизнестің инвестициялық белсенділігі де артты. Ірі экономикаларға келер болсақ, жұмыссыздықтың тарихи төмен деңгейі, тұтынушылық шығындардың артуы, инфляция өсімі қарқынының баяулауы АҚШ экономикасының 2022 жылы 2 пайызға өсуіне көмектесті. 2022 жылы Еуропа экономикасы әлдеқайда орнықтылық танытты. Соның ішінде, үй шаруашылықтары мен компанияларға көрсетілген мемлекеттік қолдаудың арқасында. ЕО-ның үй шаруашылықтары мен компаниялары ЖІӨ-нің 1,2 пайызы мөлшерінде энергетикалық кризистен зардап шеккен болатын», деп мәлімдейді Экономикалық зерттеулер институтының сарапшылары.

Эксперттердің болжамы былай сөйлейді:

  • Өнеркәсіптік өндіріс және қызмет көрсету секторының аясы тарылды. Бизнестің де көңіл-күйі мәз емес. Дегенмен осының бәріне қарамастан Еуроаймақтағы ЖІӨ өсімі 3,5 пайыз болды.
  • Ковидтік шектеулерге байланысты Қытайдағы экономикалық белсенділік әлсіреді. Соған қарамастан ел үкіметі ақша-несие және салық-бюджет саясатын жұмсартуды жалғастырып жатыр.
  • ХВҚ бағалауы бойынша, 2022 жылы әлем экономикасының өсімі 3,4 пайыз болды. Әлемдік өсім 2023 жылы – 2,9 пайызға баяулап, 2024 жылы 3,1 пайызға қалпына келеді.
  • 2023 жылы экономикасы дамыған он елдің тоғызында экономика баяулайды.
  • Әлсіз өсімнің себептері – Украинадағы жағдайдың жалғасуы, инфляциямен күресу үшін орталық банктердің ставканы көтеруі. Халықаралық сауда өсімі биыл 2,4 пайызға дейін құлдырамақ.  

Экономикалық зерттеулер институты сарапшыларының зерттеуінше, 2023 жылы инфляциялық қысым төмендейді, бірақ соған қарамастан инфляция деңгейі әлі біраз уақыт екітаңбалы аймақта қала береді. Қазақстан экономикасының өсімін Халықаралық валюта қоры – 4,4, ЕАДБ – 4,2, Дүниежүзілік банк 3,5 пайыз деңгейінде болады деп болжайды.

Сондай-ақ оқыңыз