Көктемгі егіс науқаны: шаруаларға 413 мың тонна дизель отыны беріледі

Жарияланды

2023 жылы көктемгі егіс жұмыстарына 413 мың тонна дизель отыны бөлінеді. Бұл туралы энергетика министрі Болат Ақшолақов үкімет отырысында мәлімдеді.

Дизель отыны құны тоннасына 222 мың теңге немесе литріне 184 теңге болып бекітілген.

Министрдің айтуынша, 2023 жылға арналған көктемгі егіс жұмыстарының графигі бекітілді.

«Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің операторлары шарт, өтінім, төлемге қол қоюды аяқтағаннан кейін және Мұнай өңдеу зауытына вагон-цистерналар қойғаннан кейін зауыт дизель отынын тиеп-жөнелтуді бастауға дайын болады», – деді Болат Ақшолақов.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, көктемгі егіс жұмыстарын сапалы жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қажетті ресурстармен қамтамасыз етіледі.

«Егіс науқанын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы құралымдарында 160 мың трактор, 5 мыңнан астам жоғары өнімді егіс кешені, 78 мың тұқым сепкіш, 226 мың топырақ өңдеу құралы бар. Республикада бір мезгілде бірнеше технологиялық операцияны орындайтын егіс кешендерінің 5 мыңнан астам бірлігі дәнді дақылдар алаңдарының 70 пайызында егін себуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді», – деді Қарашөкеев.

Министрдің айтуынша, бұл техниканың дайындығы шамамен 93%-ды құрайды.

Сондай-ақ оқыңыз