АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Қазақстанға келеді

Жарияланды
МИД
Мұхтар Тілеуберді мен Энтони Блинкеннің Вашингтондағы кездесуі Фото: ҚР СІМ


 
2023 жылғы 28 ақпанда АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Қазақстанға өзінің алғашқы сапарын жасайды, деп хабарлайды ҚР Сыртық істер министрлігі.

Мемлекеттік хатшыны Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдап, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді онымен екіжақты келіссөздер өткізеді.

«Сол күні Астанада Э.Блинкен және Орталық Азия елдерінің сыртқы саяси мекемелері басшыларының қатысуымен С5+1 форматындағы Министрлік кездесу өтеді», делінген хабарламада.

Жиында өңірлік ынтымақтастық және АҚШ-пен серіктестік мәселелерін одан әрі дамыту талқыланбақ.

Ақ үйдің хабарлауынша, Блинкен Орталық Азия елдерінің тәуелсіздігі, егемендігі мен аумақтық тұтастығына адалдығын қуаттау үшін бес мемлекет өкілдерімен кездеседі. Мемлекеттік хатшы содан кейін G20 Сыртқы істер министрлерінің кездесуіне қатысу үшін Нью-Делиге барады.

Бүған дейін Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Астанаға келуі мүмкін екенін растаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз