Ақпан айында жылдық инфляция 21,3 пайызды құрады

Жарияланды
Инфляция қарқыны артты. Фото: www.shutterstock.com

2023 жылғы ақпанда жылдық мәндегі инфляция деңгейі 21,3% құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы 26,2%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 20,5%, ақылы қызметтер 15% өсті, деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросы.

Бір айдың ішінде тұтыну бағаларының индексі 1,3% құрады. Ақпан айында азық-түлік тауарлары – 1,5%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 0,8%, ақылы қызметтер 1,3% қымбаттаған.

Азық-түлік тауарлары арасында көкөніс бағасы айтарлықтай өскен. Айталық, пияз – 28,5%, қызанақ – 17%, ақбас қырыққабат – 10,9%, қияр – 9,8%, қызылша – 5,4%, тәтті бұрыш – 4,7%-ға қымбаттаған.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінде жуу және тазалау құралдарының бағасы біраз өскен. Мәселен, өткен аймен салыстырғанда кір сабын – 2,8%, кір жуу ұнтағы, ыдыс жууға арналған құралдар – әрқайсысы 2,5%-ға, ағартқыштар – 2,4%, дәретхана қағазы 2,1% қымбаттады.

Өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция Алматы облысында – 1,8% болса, ең төменгісі Қызылорда облысында тіркелген.

Қаңтар айында жылдық мәндегі инфляция деңгейі 20,7%-ға жеткен еді.

Өткен айда ҰСБ азық-түлік тауарларының бағасы – 25,7%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 20,2%, ақылы қызметтер 14,2% қымбаттағанын мәлімдеген.

Ұлттық банк мәліметі бойынша, Қазақстан бойынша ең жоғары жылдық инфляция мәні Астана қаласы, Маңғыстау мен Ақмола облыстарында тіркелген.

Жыл басында үкімет басшысы Әлихан Смайылов министрлерге биыл инфляция деңгейін екі есе, 9,5 пайызға дейін төмендетуді міндеттеген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз