Президент жолдауын іске асыруға Ұлттық қордан 800 млрд теңге алынды
Мемлекет басшысының жолдауы мен сайлауалды бағдарламасында айтылған іс-шараларды жүзеге асыру үшін Ұлттық қордан 800 млрд теңге алынды. Бұл туралы бүгін Сенатта өткен жиында Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков мәлімдеді.
Сенатта «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы заң жобасы таныстырылды.
«Жолдау мен сайлауалды бағдарламаның іс-шараларын қаржылық қамтамасыз ету мақсатында қосымша 800 млрд теңге сомасында Ұлттық қордан нысаналы трансферт тартылды», деді вице-министр.
Бұл трансферт Мемлекет басшысымен келісілген.
Өткен айда Ұлттық қордың табысы азайған. Оған не себеп болғанын Ұлттық банк басшысы Ғалымжан Пірматов түсіндірген еді.
2022 жылдың 1 қыркүйегінде мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын балалардың шотына аударуды ұсынды.
Президенттің айтуынша, кәмелетке толғанға дейін жинақталған сома тұрғын үй сатып алуға және білім алуға жұмсалады. Бұл қаражат өскелең ұрпаққа ересек өмірге нағыз жолдама береді.