Лондон қор биржасында қазақстандық «көк фишкалардың» құны төмендеді
Бейсенбі күні Лондон қор биржасында саудаланатын қазақстандық компаниялардың депозитарлық қолхатының құны айтарлықтай төмендеді деп жазады Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы.
Мысалы, Қазатомөнеркәсіптің депозитарлық қолхаты бірден 5,2%-ға арзандаса, Халық банктікі 4,8%-ға төмендеген. Ал Kaspi финтех компаниясының бағалы қағаздары 2 пайыз арзандады. Сәйкесінше, бүгінде қазақстандық қор нарығы «аю» нарығына өтуі мүмкін.
Бейсенбі күнгі сауда-саттық қорытындысы бойынша KASE индексі 3 315,5 тармаққа (-0,4%) дейін төмендеді.
Акицялары арзандаған компаниялар арасында Халық банк, Қазақтелеком және Қазатомөнеркәсіп көш бастап тұр. Халық банк акциялары 1,4 пайызға арзандаса, Қазақтелеком бағалы қағаздарының құны 0,8 пайызға төмендеді.
Ал АҚШ-тың негізгі индекстері еңбек нарығындағы күшті статистикаға қарамастан, бейсенбі күні сауданы 0,7-1,1% аралығында тұрақты өсіммен аяқтаған. Өткен аптада жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алуға өтініш берген американдықтардың саны 2000-ға азайып, 190 мыңды құрады. Оның үстіне төртінші тоқсанда Америка Құрама Штаттарында жұмыс күшінің құны 3,2%-ға өскен.