Петропавл мектебінде жарақат алған оқушылардың жағдайы орташа
Солтүстік Қазақстан облысында жарақат алып ауруханаға түскен балалар үйіне шығарылды. Бұл туралы облыстың әкімі Айдарбек Сапаров үкімет отырысында мәлімдеді.
«Оқушылар ауруханадан шықты. Жағдайлары – орташа. Дәрігерлік консультациялық комиссия үйде күтінуді ұсынды. Мәселе бақылауда», – деді облыс әкімі.
Айтуынша, облыстағы 465 мектепте 75 мың бала оқиды.
«Ұйымдар видеобақылау жүйесімен қамтылған. Петропавлда полиция департаментінің жедел басқару орталығына 79 нысан қосылған. Дабыл жүйесі 178 нысанда орнатылған. Қосымша тағы да орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді ол.
Айта кетейік,13 ақпанда Петропавл қаласында 9-сынып оқушысы мектепке балта мен пышақ алып барған. Облыс орталығындағы №4 мектепте оқитын жасөспірім үш оқушыны жарақаттаған.
Оқушылар аурухана жеткізілді, ал жасөспірім екі айға қамауға алынды. Бұл мәселеге Үкімет басшысының тікелей бақылауында болған еді.
Сейсенбі күні Үкімет отырысында мектептердегі қауіпсіздік мәселесі талқыланды.