Қазақстанда әйелдерге қандай қолдау көрсетіледі?

Жарияланды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында гендерлік тендікті сақтау, әйелдерді жұмыспен қамту және олардың денсаулық мәселелері талқыланды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров республикада гендерлік теңдікті қамтамасыз етудің құқықтық және институционалдық негізі қалыптасқанын айтып өтті. Заңнамалық деңгейде әйелдерге қатысты кемсітуді жою және теңдікті ілгерілету жөніндегі нормалар көзделген.

Бүгінде мемлекеттік қызметте, саясатта және корпоративтік секторда әйелдердің қатысуын арттыру бойынша жұмыс жалғасуда. Статистикаға сәйкес 2022 жылы мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 55%-дан астамға (46,5 мың) жетті, олардың 39%-дан астамы (9,2 мың) басшылық лауазымдарда қызмет етеді. Саяси лауазымдарда 59 әйел жұмыс істейді, олардың арасында министрлер, Агенттік, Жоғары аудиторлық палата және Конституциялық сот төрағалары, сондай-ақ облыс пен қала әкімдерінің орынбасарлары бар.

Сонымен қатар Үкімет гендерлік нысаналы индикаторларды мемлекеттің қатысуы бар компаниялардың даму жоспарларына енгізу арқылы олардың басшылық органдарында әйелдердің үлесін кезең-кезеңмен арттыру жөнінде шаралар қабылдап жатыр. Жыл сайын қаржылық және қаржылық емес шаралар арқылы әйелдер кәсіпкерлігін қолдау да артып келеді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, республикада 4,3 млн әйел жұмыс істейді, бұл жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 48%-ы. Әйелдердің 35%-ы сауда және қызмет көрсету саласында, 32%-ы білім, денсаулық сақтау және ғылым саласында, 14%-ы өнеркәсіп, құрылыс және көлік саласында, 9%-дан астамы ауыл шаруашылығында жұмыс істейді.

Министрдің айтуынша, өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында әйелдерді нәтижелі жұмыспен қамтуға тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізілді. Мәселен, 536 мың әйел жұмысқа орналастырылды, бұл барлық жұмысқа орналастырылған азаматтардың 55%-ы. Ал осы жылдың екі айында бұл көрсеткіш 92 мыңнан асты.

Мемлекеттік қолдаудың тағы бір маңызды шарасы – кейіннен жұмысқа тұрғызу немесе өз ісін ашу мүмкіндігімен оқыту. Өткен жылы 80 мыңға жуық әйел кәсіпкерлік негіздері бойынша курстардан өтті. Оқыту қорытындысы бойынша 13 мыңға жуық әйел грант алды. Олардың 58%-ы тауарлар мен қызметтерді өндіруге қажетті технологиялық жабдықтар мен керек-жарақтарды сатып алды, ал 31%-ы мал сатып алып, мал шаруашылығымен айналысты.

Сонымен қатар министр өткен жылы зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдар үшін «Күміс жас» жобасы іске қосылғанын, оның аясында 3 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылғанын, оның 50%-ы әйелдер екенін атап өтті. Биыл жобаға қатысу жасы 58 жастан 50 жасқа дейін төмендетілді. Жұмыс орындарын жұмыс берушілер ұсынады, қатысушылар өз біліктіліктеріне қарай өз бетінше таңдау жасай алады.

Оның айтуынша, биыл ана мен баланы қолдау шараларымен 2,1 млн отбасы қамтылмақ, оларға мемлекеттік бюджет және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының (МӘСҚ) қаражаты есебінен 1,2 трлн теңге бағытталады. Атап айтқанда, жүктілік және босану бойынша әлеуметтік төлемдерді 258 мыңнан астам әйел алады.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов қазақстандық әйелдер «Даму» қоры қолдаған жобалардың жартысына жуығын жүзеге асырғанын атап өтті. Бұл ретте жобалардың үштен бірін ауылдық жерлерден келген кәсіпкер әйелдер алды. 

Жыл басынан бері бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға дейін ұзартылды. Одан бөлек Әлеуметтік кодексте «Наградталған аналар» деген жаңа ұғым енгізіледі.

«Бұл мәртебе көп балалы аналарды құрметтеп, олардың еңбегін дәріптеу мақсатында «Күміс алқамен», «Алтын алқамен» марапатталған, бұрын «Батыр ана» атағын алған, «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған әйелдерге берілетін болады. Марапатталған аналар үшін жәрдемақы мөлшері сараланып, ұлғайтылатын болады. Шамамен 90 мың ана осындай игілікке ие болады», — деді Премьер-Министр. 

Сондай-ақ оқыңыз