2022 жылы төлем жүйелері арқылы 800 трлн-ға жуық ақша өткен
2022 жылы төлем жүйелері мен қаржы ұйымдарының тікелей корреспонденттік шоттары арқылы ұлттық валютадағы қолма-қол ақшасыз төлемдер мен ақша аударымдары көлемі 897,5 трлн теңгені құрады. Бұл ретте Ұлттық Банктің БААЖ және БКЖ төлем жүйелері арқылы 787,2 трлн теңге немесе осы көлемнің 87,7%-ы өтті деп хабарлайды баспасөз қызметі.
ҚҰБ төлем жүйелерінде орташа есеппен минутына шамамен 5 миллиард теңгеге төлем өңделеді.
«Операциялық күн ішінде БААЖ және БКЖ ұлттық төлем жүйелеріне түсетін орташа жүктеме күніне 3,2 трлн теңге сомасына 266,4 мың төлемді құрайды. Орташа есеппен минутына ҚҰБ төлем жүйелері арқылы 4,9 млрд теңгеге операция жүргізіледі», делінген хабарламада.
Қазақстан Ұлттық Банкі Банкаралық ақша аударымдары жүйесі мен Банкаралық клиринг жүйесінің операторы. ҚҰБ-тың осы төлем жүйелері ұлттық төлем жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуін және Қазақстан аумағында қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды жүзеге асыруға қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз етеді.