Осы аптада Астанаға шетелдерден маңызды қонақтар сапарлап келеді

Жарияланды
Джеймс Клеверли. Фото: «РИА Новости»

Осы аптаның соңына қарай елімізге шетелдерден лауазымды тұлғалар сапарлап келеді. 17-18 наурызда Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Джеймс Клеверли келеді. Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.

Ресми ақпарат бойынша, Джеймс Клеверли Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездеседі.

«17-18 наурызда Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен корольдігінің достастық және даму істері жөніндегі сыртқы істер министрі Джеймс Клеверлидің Қазақстанға сапары өтеді. Астанада Джеймс Клеверли президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың, премьер-министр Әлихан Смайыловтың қабылдауында болады», деді Айбек Смадияров.

Сонымен қатар Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшылығымен келіссөздер ұйымдастырылады. Сапар аясында Астанадағы саябақтардың бірінде II Елизавета атындағы сквер ашылады деп жоспарланған.

Сондай-ақ, осы аптада елордаға БҰҰ адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Фолькер Тюрк келеді. Министрліктің ақпаратына сәйкес, Фолькер Тюрк елімізде адам құқықтары жөніндегі уәкілімен кездеседі.

«16-17 наурызда БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары Фолькер Тюрк Астана қаласында болады. Фолькер Тюрктің мемлекет және сыртқы істер министрлігінің басшылығымен, сондай-ақ адам құқығы жөніндегі уәкілімен кездеседі деп жоспарланған», – деді Айбек Смадияров.

Сондай-ақ СІМ мәліметінше, Фолькер Тюрк Адам құқықтары жөніндегі жалпыға ортақ декларацияның 75 жылдығына және іс-қимыл жоспары бойынша Вена декларациясының 30 жылдығына орай Қазақ мемлекеттік заң университетінде дәріс өткізеді. 17 наурызда БҰҰ ғимаратында сапардың нәтижесі бойынша қорытынды баспасөз брифингі өтеді.

Сондай-ақ оқыңыз