АҚШ-тағы банк дағдарысынан Қазақстан қор нарығына дейін…

Жарияланды
Инвестор, Думан Ерқанат. Фото жеке архивінен

АҚШ-тағы қаржы нарығындағы жағдай көп инвесторды алаңдатып отыр. Кейбірі қос банктің банкроттығынан кейін құны түскен бағалы қағаздарға лап қойғанын да шетелдік басылымдар жарыса жазып жатыр. Көп сарапшы мұны «тиімді таңдау» кезеңі деп есептейді. Осы себепті отандық трейдер әрі инвестор Думан Ерқанатты осы тақырып талқысына тартқан едік.

– Думан, әрине бізді бүгінгі күндері мұхиттың арғы жағында қор биржасында болып жатқан оқиғалар қызықтырып әрі алаңдатып отыр. Осы себепті білікті трейдер әрі инвестор ретінде өзіңізді әңгімеге тартып отырмыз. Жалпы, америкалық ірі Silicon Valley Bank (SVB) және Signature Bank-тің банкроттығы қор нарығын шайқалту қаупі бар ма?

–  Жалпы, әңгімені әріден бастасақ. 2022 жылы қор нарығы үшін құлдырау жылы болды. Себебі, әрине оған пандемия кезеңі ықпал етті. Осы кезде Федеральдық резерв жүйесі долларды көптеп басып шығарды. Биржалар құлаған соң акциялар да құлдырайтыны белгілі. Сол кезде ФРЖ көмекке келіп, үлкен аласапыранның алдын алды. 2022 жылдың басынан бастап наурыз-сәуір айларына дейін құлдыраған қор биржасына осылай тоқтау салынды. Дегенмен инвесторларда және тағы басқасында қор нарығында құлдырау жалғасады деген көңіл-күй басым болды. Бірақ, нақтысында жағдай басқалай болып шықты.

Әсіресе, технологиялық сала компанияларының акциясы қатты өсті. Пандемия кезінде осы қағаздардың құны жақсы қарқын алды.  Өйткені үйде отырған адамдардың көңіл-күйі осы жаңа дүниелерге ерекше ауды. Осылайша көп компанияның акциясы ковидтің алдындағы кезеңнен де 100 пайыздан астам өсімге ие болды. 2021 жылдың аяғына дейін өсіп, 2022 жылы биржада құлдырау қайта басталды. Ол осы күнге дейін жалғасып жатыр деп айтсақ та болады. Ортасында екі-үш рет өсім болғаны рас, бірақ қысқа уақытқа – 1-1,5 ай аралығында. Ал жалпылай алғанда, құлдырау басым.  Оның себебін басында атап өткендей, доллар көп басып шығарылғандықтан, ол үлкен инфляцияға ұрындырды.

Пандемияда адамдар көшеге, жұмысқа шыға алмады.  Жұмыс істейтін адамдар қатары күрт сиреді. Өйткені АҚШ билігі пандемия кезінде өз азаматтарын қолдау үшін басында 1200 доллар, одан кейін 2000 доллар, көп ұзамай тағы 2000 долларды жаппай таратты. Одан бөлек, ірі-ірі компанияларға пайысыз несие, қайтарымсыз ақша берді. Осылайша құлап жатқан экономиканы қолдан қолдап, тұрғызып алды. Салдарынан кейін адамдар жұмысқа да шыққысы келмей қалды. Ал жаңағы биліктен алынған ақшалар инвестиция сипатында акцияларға салынды, соның арқасында крипто саласы жақсы өсті. Осының барлығы қаржы нарығында көпіршік болып ұлғайып, шектен шықты. Содан кейін де биржалардың осылай тоқтаусыз құлдырауына жол берілді. Сондықтан бұл күтілген жайт еді…

– Қазіргі жағдайды қалай бағалауға болады? АҚШ билігі банкротқа ұшыраған банктерді сатып алмайтынын айтты ғой…

– Осы күнге дейін АҚШ-тың Орталық банкі екінші деңгейлі банктерге 1,5 пайызбен ақша беріп келген, ал өз кезегінде олар оны  3-5, тіпті 7 пайызбен халықты несиелендіруге жұмсайтын. 2022 жылдың ортасынан бастап ФРЖ осы базалық сыйақы мөлшерлемесін тоқтаусыз өсіруге көшкен. Салдарынан АҚШ-тағы инфляция соңғы 40 жылдағы шекті игеріп, 9,1 пайызды құрады. Ал мұндағы жалпы қолайлы инфляция көрсеткіші 2 пайыз делінеді, негізі. Алда тағы да ФРЖ-ның отырысы болады, сол кезде базалық сыйақы мөлшерлемесін тағы 0,5 пайызға өсірілетіні жарияланады деген сөз бар. Дегенмен инфляция екпіні басылып, қазір 6 пайызға түсті. Бұл ес жиды дегенді әлі білдірмейді.

2022 жыл бойына биржа құлап, өспей тұрып алғандықтан да екі банк банкротқа ұшырады. ФРЖ қос банк салымшыларының ақшасын қайтару бойынша қазір шаралар қабылдап жатыр. Дегенмен инвесторларға көмек жоқ екені айтылды. 2008 жылғы кезеңдегі жағдай қайталанбас үшін билік салымшылар бойынша жұмыс істеп жатыр. Осының барлығы қор биржасындағы қазіргі жағдайдың мәз емес екенін танытады.  Инфялция өсіміне байланысты Tesla, Google, Facebook компаниялары жаз бойы өз қызметкерлерінің штатын 10-30 пайызға дейін қысқартты. Meta қазір осы бағыттағы қысқарту шарасын қайта қолға алып жатыр. Өйткені олар экономиканың әбден әлсірегенін біліп, алдын ала қам жасауда. Осы үрдіс ары қарай жалғаса беретін болса, әрине, оның Қазақстанға тікелей болмаса да жанама түрде әсері болады.  

– Жанама түр дегенде нақты нені айтуға болады?..

– Мұны дағдарыс деп айтуға келмейді, негізі. Дұрысы – рецессия. Алайда «рецессия да болған жоқ» деп жатыр бір сарапшылар. Қалай дегенмен де  АҚШ экономикасы әлсіресе доллардан да қауқар кете бастайды. Ондай кезде Қытайдың юаны, Батыстың евросы күш алуы мүмкін. Ал доллардың бағасы құлдыраса, Қазақстанға қиындау болады. Өйткені шикізат экспорттаушы ел ретінде біздің келісімшарттар долларға негізделгені аян…

– Сіз айтып өткен компаниялар акциясына мұхиттың арғы жағындағы «дауыл» кері әсер етіп жатқан жоқ па? Банкротқа ұшыраған банктер, негізінінен стартаптарды қаржыландырғаны айтылады…

– Мен акцияларымен жұмыс істейтін Apple, Tesla, Amazon, Google, Facebook компаниялары – басқа дүние. Ал стартаптарға келсек, оның ішінде ChatGPТ кеңінен танымал. Жасанды зерде дейміз ғой. Осы секілді жаңа дүниелер шығып, стартаптардың барлығы соған инвестиция жасай бастады. Жалпы, стартаптардың бағыты тез-тез ауысып отырады. Стартап пен венчурлық қорларға инвестиция жасағанда өте сауатты қадам жасамаңыз, қиын негізі. АҚШ-та көбісі криптобанктер құлайды деп болжаған екен, бірақ олай емес, керісінше стартаптардың жолы болмады.

ChatGPТ-қа кеңірек тоқтала кетсеңіз. Ол инвесторлар арасында қазір көп қызығушылыққа ие екені белгілі.

ChatGPТ қазір қатты дамып жатыр. Microsoft сияқты ірі компания оған 20 млдр доллар көлемінде инвестиция салған. Бұл біздегі екі Каспий банктің активінің көлемі ғой. Қазір Каспий банктің құны – 14 млрд доллар. Онда да бұл IPO-ға әбден шығып алғаннан кейінгі бағасы. Оған дейін онда ондай баға болмаған.

Осының өзі оған өте көп ақша құйылып жатқанын білдіреді. Олай етудің де жөні бар. Өйткені ол болашақта көп жұмыс орнын басып, көп қызмет түрін ұсынады делінеді. ChatGPТ ән, код, бағдарлама жаза алады. Оның сыртында бүкіл ақпаратты қорытып, өзі тұжырым жасайтын, ақыл-кеңес беретін деңгейге жететіні де айтылып қалып жатыр. Сондықтан ол әлемге үлкен өзгеріс алып келеді. Бұл, әрине көп компанияға шығынын азайтуға мүмкіндік береді.  Яғни, ол өте өтімді дүниеге айналады. Сондықтан біз технологиялық салалардың акцияларымен жұмыс істеуді жақын болашақта қарастырамыз деп ойлаймыз.

– Криптовалюталардың жайына келсек. Ол да соңғы кездері көптің қызығушылығын туғызуда. Дегенмен, оны бізде Ұлттық банк мойындамайды ғой…

– Крипто қазір жақсы өсіп жатыр. Өйткені венчурлық қор, стартаптардың банкі күйреген соң крипто, керісінше қарқын алды. Екінші жағынан, Binance арқылы Қазақстанға ресми түрде осы реттегі әлемнің ірі компаниялар кіріп жатыр. Кейбір банктер онымен жұмыс істеуге рұқсат алуда. Сондықтан крипто да өзімен бірге үлкен өзгеріс алып келуі мүмкін. Биржа мен крипто деген ұқсас нәрсе. Заң қабылданса, ол биржамен тең болады.

– Сонда криптоның болашағы бар дейсіз ғой…

– Әрине. Қазақстанда бұл ретте шектеу бары рас. Алайда өзге елдермен қатар біз де осы шектеудің алынуы алдында тұрмыз деп ойлаймын. Мысалы, Мемлекет басшысы таяуда Binance компаниясының басшысымен кездесті. Мұның барлығы кездейсоқтық деп ойламаймын. Бұл крипто саласында Қазақстанға ірі компаниялар үлкен стратегиямен кіруге ниетті екенін білдіреді. Болашағы бар деп айтатын себебім, ол – триллиондаған ақша салынған үлкен сала. Ал үлкен ақша сенімділік барда ғана салынады. Өкінішке қарай, банкроттық жағдайлар кездеседі ол арада. Онда да бұл заңның жоқтығынан. Көп ақша шығарып беретін жерде тәуекел қауіп-қатері өте жоғары болады. Сондықтан криптодан көп ақша табуға мүмкіндік бар, сәйкесінше ол арадағы тәуекел қауіп-қатері де өте жоғары деп айтуға болады. Ал қор биржасы ұзақ уақыт бойында ақша жасап беретін сала. Осыны айыра білу керек. Яғни, қор биржасы мен крипто екеуі екі бөлек дүние.

– Банктер банкроттығынан кейін Tesla компаниясына күн тууы мүмкін деген сыбыс бар. Бұған Сіз қалай қарайсыз?

– Tesla – Илон Маск құрған компания. Ол электрмен жүретін көліктер шығаруға негізделген. Мұнай қоры түбінде таусылады ғой. Сондықтан балама көз ретінде электрмен жүретін көліктердің болашағы зор. Сол себепті де Қытай бұл жобаларды көптеп қолға алуда. Олар болашақта адамдар электронды көлікке көшетініне сенімді. Қазірдің өзінде көлік түтініне қатысты бір Алматыда көп мәселе туындауда: қоршаған ортаны ластаудан бастап адамдардың денсаулығына тиіп жатқан зиянға дейін. Экологиялық тұрғыда бұл жаңашылдықты көп мемлекет қолдайды. Сондықтан оған ақырындап келеміз деп ойлаймыз. Жалпы, қор биржасы өсу мен төмендеуден тұрады ғой. Tesla акциясы арзандағанда оны сатып алса, одан ешкім ұтылмайды деп ойлаймын. Ал жаңағыдай сыбысқа негіз жоқ, меніңше. Tesla – болашағы зор компания.

– Отандық қор биржасындағы жағдайға келсек. «ҚазМұнайГаз» компаниясының акцияларына қатысты не айтасыз? Қазір құлдырау байқалады…

-« ҚазМұнайГаздың» акциясын бастапқы кезде сатып алғандардың қатарында мен де бармын. 12-13 пайыз теңгемен пайда тапқан кезде оны сатып жібердім. Ол IPO-ға шыққан компания ғой. Ондайда екі жайтқа назар аударған дұрыс. Біріншіден, пайда тауып жатыр ма, қарызы көп пе, жалпы жағдайы қалай деген сұрақтарға жауап табу керек. Екіншіден, ол компанияның маркетингісі қалай түзілген дегенге назар аудару қажет. Менің ойымша, бұл арада жақсы маркетинг жүргізілген. Жағдайы да жаман емес Үкіметтің қатысы болғандықтан. Жақсы көрсеткіш көрсетті. Ал дәл қазіргі жағдайда «ҚазМұнайГаз» акциясына қатысты қандай да бір болжам айту қиындау. Себебі бізде бұл реттегі ақпараттар, өкінішке қарай, көбіне жабық. Сондықтан, өз басым, акцияларға инвестия жасауда әлдеқайда ақпараты ашық америкалық қор биржасымен жұмыс істегенді дұрыс көремін.

Мұндай тәжірибе жинауға не көмектесті, өзіңіз туралы айтып өтсеңіз?

– Мен АҚШ-та 9 жылдай өмір сүрдім. Ол жақта Колорадо штатында National American University-дің MBA-сына оқуға түсіп, іскерлік басқару бойынша білім алдым. Одан кейін Нью-Йорктағы, нақтырақ айтқанда, Уолл-стриттегі компаниялардың бірі – «SMB Capital» фирмасында қосымша білімімді ұштадым. Инвестиция саласы бойынша көптеген курстан өттім, стратегияларға тест жасадым. Бір сөзбен айтқанда, акцияларды сату-сатып алу бойынша 5-6 жылдай өзіндік тәжірибем мен білім-білігім бар. Негізінен, қазіргі заманда кез келген адам қалаған уақытында инвестиция немесе трейдинг жасай алады. Осылайша қосымша табысқа кеңелуге мүмкіндігі бар. Осыны қазақ қоғамына жеткізу мақсатында Алматыда DK Trading атты кішігірім академия аштық. Басты бағыты – бүгінгі адамдардың қаржылық сауатын ашу, болашағымызға, балаларымыздың келешегіне инвестиция жасауды үйрету, зейнетақы шотын ашу, бала біліміне қор ашу, өзіндік портфолия құру. Өз басым, Америкада мықты деп саналатын сенімді TD Ameritrade және Interactive Brokers сынды екі брокерді қолданамын. Қазақстанда Freedom Broker қызметіне жүгінемін. Apple, Tesla, Amazon, Google, Facebook сынды үлкен компаниялардың акцияларымен жұмыс істеймін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сондай-ақ оқыңыз