Гаага соты Украинадағы қылмысы үшін Путинді тұтқынға алу туралы ордер берді
Гаагада орналасқан Халықаралық қылмыстық сот 2022 жылғы 24 ақпаннан бері Украинада жасаған әскери қылмыстары үшін Ресей Президенті Владимир Путинді тұтқынға алу туралы ордер шығарды. Бұл туралы Соттың ресми сайтында жария етілген.
Сайтта жарияланған ақпаратқа сәйкес, Путин Украинаның оккупацияланған аймақтарынан балаларды Ресейге заңсыз көшіргені үшін айыпталып отыр.
«Бұл қылмыс шамамен 2022 жылдың 24 ақпанынан бастап, Украинаның оккупацияланған аймақтарында жасалып келді. Осы аталған қылмысқа Путин мырзаны жеке қылмыстық жауапты деп пайымдауға жеткілікті негіз бар», делінген хабарламада.
Сайтта Ресейдің балалар құқықтары жөніндегі уәкілі Мария Львова-Беловаға да қатысты дәл осындай ақпарат келтірілген.
«Әрбір күдікті укарин балаларға зардап тигізе отырып, Украинаның оккупацияланған аймақтарынан Ресей Федерациясына халықты заңсыз көшіргені және әскери қылмыстары үшін жауапты деп пайымдауға қисынды негіз бар», делінген хабарламада.
Халықаралық қылмыстық сот ордер туралы ақпарат бұдан әрі қылмыс жасалуының алдын-алуға ықпал етеді деген пікірде.
Ресей Халықарлық қылмыстық соттың бұл мәлімдемесіне жауап берді. Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың хабарлауынша, Ресей Федерациясы Гаага сотының шешімін мойындамайды және мұндай мәселенің қойылуын өрескел деп санайды.