Жұмыс нәтижесі көңілімнен шықпайды – Сауда министрі
Премьер-министрдің орынбасары, Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің өз жұмысының нәтижесіне көңілі толмайды. Бұл туралы ол сайлау учаскесінде дауыс бергеннен кейін, журналистерге берген сұхбатында мәлімдеді.
«Жұмысқа алғаш келгенде маған: «Сенің басты мақсатың – инфляцияны тоқтату» деген болатын. Мен жұмыс істеген жеті айда тек осы жұмыспен айналыстым. Бірден айтайын, жұмыс нәтижесі көңілімнен шықпайды. Өткен жылы қыркүйекте келдім, жыл соңында инфляция 20 пайыздан асып кетті, ал азық-түлік 21 пайызға көтерілді. Бірақ жүйелі жұмыс жүргізілді. 140 мың тоннадан астам, азық-түлік қорын жинадық. Содан ең алғаш ақпан айында біз дефляция нәтижесін көрдік. Бұл бұрын-соңды болмаған жағдай. Ал өткен аптаның қорытындысы бойынша біз азық-түлік дефляциясын байқадық. Ендігі жұмыс сол көрсеткіштерді сақтап қалу» деді Cауда және интеграция министрі.
Еске сала кетейік, Әлихан Смайылов сайлаудан кейін Үкімет отставкаға кететінін айтқан болатын.