Депозиттерге кепілдік беру қорында қанша қаражат бар?

Жарияланды
Фото: Kursiv.media

Қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қорының арнайы резервінде бүгінде 976,7 млрд теңге жинақталған. Оның басым бөлігі депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердің жарналары есебінен толыққан. Бұл туралы Қордың баспасөз қызметінен хабарлады.

Қор бұл қаражатты өзінің арнайы резервінде шоғырландырып, бірінші кезекте лицензиясынан айырылған банктің салымшыларына заңнамада көзделген кепілдік мөлшерінде өтейді. Яғни, банк төлем қабілетінен айырылған жағдайда, қор салымшыларға кепілдік берілген өтемді уақтылы төлеуді қамтамасыз етеді. Сол себепті де кепілдік қорлары, жалпы қаржылық тұрақтылықты қолдау жүйесінің маңызды элементі саналады. Ол Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесе отырып, қаржылық жағдайды реттеп отырады.

Қордың ақпаратына сәйкес, бүгінде әлемдік нарықта болып жатқан жағдайларды ескерсек, тәжірибе көрсеткендей, түрлі шиеленістер, сондай-ақ салымшылардың жылыстауы (bank run) көп жағдайда банк институттарының күйреуіне әкеп соқтырып жатады. Сәйкесінше, жекелеген банктердің жай-күйіне, бүкіл банк жүйесінің саулығына тиімді талдау жүргізу және бағалау құралдарының рөлі арта түседі. Аталмыш қорда ондай құрал бар. Ол банк секторындағы ахуалға өзіндік және тәуелсіз баға беруге мүмкіндік береді екен.
Бұл орайда, еліміздегі банктер мұндай тәуекелдерден айтарлықтай сақталған екен.

«Сырт әлемдегі жан шошытарлық жайттарға, әлемдік нарықтағы аумалы-төкпелі құбылыстарға қарамастан, отандық банктер және жалпы банк секторы өзінің беріктігінің жеткілікті екендігін және тұрақтылығын көрсетіп жатыр. Капиталдың жеткіліктілігі мен сапасының жоғары мәнге ие екендігін ескерсек, өтімділік құрылымының профициті де байқалуда. Яғни банктерде өздерінің міндеттемелерін дер кезінде орындауға өтімді ақша қаражаттары жетіп артылады», делінген баспасөз хабарламасында.

Сондай-ақ, баспасөз мәлімдемесінде бағалау индустриясының бір орында тұрмайтынын ескере отырып, қор өз кезегінде депозиттерді сақтандырушы – алдыңғы қатарлы шетелдік ұйымдармен кеңесу және пікір алмасу арқылы бағалау моделінің тәсілдерін жетілдіру жұмыстарын одан әрі жалғастыратыны айтылған.

Сондай-ақ оқыңыз