Несие төлемін 90 күн кешіктірген борышкерге қайтадан қарыз берілмеуі мүмкін

Жарияланды
debt
Фото: shutterstock.com

Несие өтеу мерзімін 90 күн кешіктірген борышкерге қайтадан қарыз берілмеуі мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агеттігін осындай бастама көтеріп отыр. «Банк, микроқаржы және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Ашық НҚА сайтында жарияланған.

«90 күнтізбелік күннен астам банктік қарыз және (немесе) микрокредит бойынша мерзімі өткен берешегі бар Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес жеке тұлғаға банктік қарыз беруге тыйым салынады», делінген құжатта.

ҚНРДА бұл қадам азаматтардың банк пен микроқаржы ұйымдары алдындағы қарыз жүктемесін азайту үшін керек дейді.

Бұл тыйым жеке тұлғаның банктік қарызын және немесе микрокредитін жабу үшін алатын қарызына жүрмейді. Өйткені Агенттік проблемалық берешектің өсуін шектеу және қолданыстағы қарыз жүктемесін азайту үшін берешекті қайта қаржыландыру, оның ішінде неғұрлым тиімді шарттарда құқығын сақтау қажет деп тұжырымдайды.

Сонымен қатар төлебеген қарызды коллекторлар арқылы өндіріп алу ережесіне де өзгеріс енгізіледі. Қазір банктер мен МҚҰ нашар портфельден тез құтылу үшін оны колекторлар арқылы өндіріп алады. Енді сотқа дейінгі реттеу рәсімін орындау кезінде және мерзімі өткен, яғни борышы 18 айдан асқанда банктердің және МҚҰ кредиттерін коллекторларға сату мүмкіндігі көзделеді.

Қоғамдық талқылау 6 сәуірге дейін жалғасады.

Жақында Қасым-Жомарт Тоқаев ҚНРДА-ға кепілсіз тұтынушылық несие беру тәртібін қатайтуға тапсырма берген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз