Прокурор Қайрат Боранбаевты 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады
Прокурор Айжан Аймағанова Қайрат Боранбаевты мүлкін тәркілеп, 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Астана қаласындағы Сарыарқа аудандық сотында Қайрат Боранбаев және оның серіктеріне қатысты сот отырысы сейсенбі күні жалғасты.
Сондай-ақ, Прокурор іс бойынша тағы екі күдікті Роман Наханов, Ибулла Сердіні де 8 жылға соттауды сұрап отыр.
Айта кетейік, 2022 жылдың 30 желтоқсанында Астанада Қайрат Боранбаевқа қатысты басты сот талқылауы басталған болатын. Ол өткен жылдың 17 наурызында қамауға алынған болатын.
Кәсіпкер Қайрат Боранбаев және басқа да күдіктілер «QazaqGaz» ұлттық компаниясына газ сату кезінде 14,6 миллиард теңгені иемденді деген күдікке ілінген.
Тергеу мәліметіне сәйкес, Қайрат Боранбаев өзінің сенімді адамы Роман Нахановпен, Ибулла Серді және Тайыр Жанұзақпен бірге 2019 жылдың 1 шілдесінен 2022 жылдың 11 ақпанына дейін «АзияГазЧунджа» ЖШС пен «QazaqGaz» ҰК» АҚ арасында келісімге келген. Компания АҚ-мен 2 млн 26 мың 419 текше метр көлемінде жалпы сомасы 141 681 676 272 теңгеге газ жеткізуге келіскен.
Күдіктілер тауарды арзанға алуға болатынына қарамастан, «АзияГазЧунджа» ЖШС арқылы қымбатқа сатып алған.
«Осылайша, Қазақстанның газ тарату жүйесіне табиғи газды қымбатқа сатып алған, бұл газбен жабдықтау саласындағы ұлттық оператор қызметіне кері әсер етті», – деді мемлекеттік айыптаушы Бауыржан Шекенов сот отырысында.
Сондай-ақ Боранбаев пен Наханов ұрланған ақшаны заңсыз заңдастырды деп айыпталып отыр.
«QazaqGaz» ҰК» АҚ-дан ұрланған 14 656 318 010 теңге ақшалай қаражат «Қазақстан Халық банкі» АҚ-дағы «АзияГазЧунджа» ЖШС шотында жинақталды. 2019 жылдың шілдесі мен 2020 жылдың сәуірі аралығында Серді, Боранбаев және Наханов ұрланған ақшалай қаражатты заңды айналымға енгізу және ақшалай қаражатты заңдастыру мақсатында кәсіпкерлік қызметінен дивидендтер түрінде заңдастырды. Боранбаев пен Наханов «АзияГазЧунджа» ЖШС жиналысында хаттама толтырып, заңсыз алынған ақша 2019-2022 жылдары ЖШС меншік иелері арасында дивиденд түрінде бөлінді: Боранбаевқа – 4 млрд 804 млн теңге, Нахановқа – 533 млн 795 мың теңге, «ДС Тас» ЖШС-ға 5 млрд 337 млн теңге», – деді Шекенов.
Кәсіпкер Қайрат Боранбаев, Роман Наханов сот процесі барысында айыптау актісімен келіспеді.
Сондай-ақ Боранбаев сот процесі барысында елден қашуға оқталған кезде ұсталғанын жоққа шығарды.