Семей қаласында жаңа ЖЭО салынады

Жарияланды

Фото: shutterstock

Семей қаласында жаңа жылу электр орталығы салынбақ. «Самұрық-Энерго» компаниясы жаңа ЖЭО-ның техникалық-экономикалық негіздемесін (ТЭН) әзірлеуге кірісті, деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Абай облысы әкімдігінің алдын ала деректеріне сәйкес, Семей қаласындағы ЖЭО техникалық сипаттамалары мынадай параметрлерге сәйкес болуы тиіс: электр қуаты – 320 МВт; жылу қуаты – 1200 Гкал/сағ. Алайда, жаңа станцияның қорытынды сипаттамалары ТЭН әзірлеу кезінде айқындалатын болады.

ЖЭО салу қажеттігі Семей қаласының облыс орталығы мәртебесін алуы мен қала инфрақұрылымын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылған Семей қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына байланысты. Әкімдік ақпараты бойынша, Семей қаласының оң жағалауындағы жылумен жабдықтау жүйесінің әлеуеті таусылған. Облыс орталығының жаңа мәртебесіне сай Семей қаласының даму мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін жаңа жылу көзін салу қажет.

«Самұрық-Энерго» АҚ мамандарының айтуынша, ЖЭО-3 салу тиімді пайдалану, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына, ҚР табиғатты қорғау заңнамасының талаптарына жауап беретін ең үздік қолжетімді технологиялар базасында жүзеге асырылатын болады.

Еліміздің бірнеше қаласындағы ЖЭО-да апат болып, Екібастұз сынды қалалар қар құрсауында қалған соң, Энергетика министрлігі жылу электр станциялары мен желілерінің жай-күйіне тексеріс жүргізген. Қазақстандағы 37 жылу электр орталығының 19-ы апатты жағдайда тұр. Бүкіл ЖЭО жабдықтары 66 пайызға тозған. Министрлік оларды жөндеуге 182 млрд теңге қажет деді.  

Сондай-ақ оқыңыз