Гүлмира Сатыбалды ісі: Тұрсенғали Алагөзов өзіне келген шығын көлемін атады
Гүлмира Сатыбалдыға қатысты іс бойынша сотта жәбірленуші Тұрсенғали Алагөзов материалдық және моральдық шығын өндіруді талап етті. Алагөзовтың адвокаты Гүлмира Бұралхиева сотқа азаматтық талап арыз жолдағандарын айтып, шығын сомасын атады.
«Азаматтық талап арыз негізінде Гүлмира Сатыбалдыдан «GALANZ bottlers» АҚ-ның 43,25% акциясын қайтару арқылы 6 млрд 985 млн 221 мың теңге шығынды өндіріп алуды сұраймыз», – деді адвокат.
Ал жәбірленуші тарап моральдық шығын ретінде 5 млрд теңге өндіруді сұрап отыр. Жәбірленуші Тұрсенғали Алагөзов не себепті моральдық шығын сомасы қалай бағаланғанын айтты.
«6 жыл бойы мені компанияға жолатпағанына байланысты 5 млрд теңге өндіруді талап етіп отырмын. 6 жыл бойы мені кәсіпорын аумағына кіргізбеді. Ол маған материалдық қана емес, моральдық та шығын келтірді. Сотталушының әрекеттерінің салдарынан менің беделіме нұқсан келтірді», – деді сотта Алагөзов.
Астана сотында қаралып жатқан іс бойынша үш айыпталушы бар. Бірі – Гүлмира Сатыбалды, енді бірі – Мәди Батыршаев. Үшінші айыпталушы – Рашид Өтебеков. Жәбірленушілердің арасында Айгүл Мекешева мен Тұрсенғали Алагөзов бар.
Бұған дейін жәбірленуші Айгүл Мекешева өзіне 713 млн теңгеден аса сомаға материалдық зиян келтірілгенін айтып, осы соманы өндіруді сұрады. Ол моральдық шығын сомасын 50 млн теңге деп бағалады.
Айта кетейік, Гүлмира Сатыбалдыға қылмыстық кодекстің 389-бабының 3 және 4 бөлігі (өзінше билік ету), 28-бабының 3-бөлігі 1 және 8 тармағы (адамдарды пайдалану арқылы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам орындаушы деп танылады), 125-бабының 2-бөлігінде (адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы және пайдакүнемдiк ниетпен адамды ұрлау) көрсетілген қылмысты жасады деген айып тағылған.