Наурыз айында іскерлік белсенділік жақсарды
Фото: shutterstock.com
Наурыз айында жеткізілім тізбегіндегі проблемаларға қарамастан, іскерлік белсенділік жақсарған. Барлық сектордағы кәсіпорындар жаңа тапсырыстар мен тауарлы-материалдық қорлардың көлемі артқан.
ҚР ҰБ Ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Рүстем Оразалиннің айтуынша, әскерлік белсенділіктің жақсаруы кен өндіру өнеркәсібінен басқа секторларда байқалды.
«Мұнда индекс 48,6-ға дейін (ақпандағы 46,7-ден) біршама өскеніне қарамастан, ұзақ жеткізу мерзімдеріне, жұмыспен қамту деңгейінің және жаңа өнім көлемінің төмендеуіне байланысты теріс жақта қалып отыр. Қалған секторларда жеткізілім мерзімінен басқа индекстің барлық компоненті бойынша оң өзгеріс болды. Өндірісте көрсеткіш айтарлықтай өскен. Мұнда индекс теріс аймақтан оң аймаққа өтіп, 53,1 болды (ақпанда – 49,8). Құрылыс және қызмет көрсету секторында индекс, сәйкесінше, 53,6-ға және 51,6-ға дейін көтерілді (ақпан айында – 51,9 және 50,7)», деді ол.
Бизнес-ахуал индексі айтарлықтай артқан. Респонденттердің бағалауы бойынша, наурызда бизнес жүргізу шарттары жақсарыпты. Кәсіпорындар болашақта да барынша қолайлы бизнес жағдай қалыптасады деп күтеді.
Осылайша, ағымдағы және болашақ бизнес жағдайлардың орташа бағасын білдіретін бизнес-ахуал индексі 16,5-ке дейін көтеріліп (2023 жылғы ақпандағы 12,8-ден), бизнес-цикл «сағатының» көрсеткіші өсу аймағында қалды.
Ақпан айында іскерлік белсенділік индикаторы 50,0 көрсеткен еді. Бұл оң және теріс өзгерістер болмағанын білдіреді. Бүкіл сектор үшін жеткізілім тізбегіндегі мерзім ұзақтығы іскерлік белсенділікті қалпына келтіруді тежейтін фактор ретінде аталған.