Қазақстанда жүргізуші куәлігін берер алдында сынақ мерзімі енгізілуі мүмкін
Ішкі істер министрлігі жүргізуші куәлігін бермес бұрын сынақ мерзімін енгізуді қарастырып жатыр, деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл туралы «Қазавтожол» АҚ, «Атамекен» ҰКП және Қазақ жол қозғалысы қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу институты өкілдері бас қосқан кеңесте айтылды. Жиында жол апатына не себеп болатыны талқылады. Кеңеске қатысушылар Финляндияның тәжірибесін де қарастырды.
«Бұл елдің тәжірибесінде жүргізуші куәлігі 2 жылдық сынақ мерзімінен және бірқатар емтихандардан өткеннен кейін беріледі. Қазір елімізде осындай тәжірибені енгізу дұрыстығы мен мүмкіндігі қарастырылып жатыр», – делінген ішкі істер министрлігі таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, жол-көлік оқиғасы салдарынан өлім-жітімді азайту жөніндегі осы және басқа да шаралар Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасына негізделеді.