Өзбекстанда әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтар үшін жаза қатаяды

Жарияланды

Өзбекстанның Сенат мәжілісі әйелдер мен балаларға қатысты құқықбұзушылықтар үшін жазаны қатайтатын заңды қабылдады. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

Жаңа заң бойынша отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстық істерге жатқызылмақ. Аталмыш заң бүгінгі таңда әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты орын алып жатқан түрлі зорлық-зомбылықтар үшін қатаң жазалар белгілеумен қатар, осындай жағымсыз оқиғалардың алдын алатын болады.

Зорлық-зомбылық жасаған тұлғаларға, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты жазадан мерзімінен бұрын шартты түрде босату немесе жұмсақ жазамен алмастыру қолданылмайды. Керісінше, мұндай қылмыстар қатаңдатылады.

Зорлық-зомбылықпен байланысты қылмыстарды саралаудағы критерийлердің бірі – қылмыскердің зардап шегушісінің жасын білуі жойылды. Бұдан былай айыпталушы жәбірленушінің жасын білмеуі оны Қылмыстық кодексте қарастырылған жауапкершіліктен босатпайды.

Сонымен қатар, кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық зорлық жасаған қылмыскерлердің балаларды тәрбиелеу, оқыту қызметімен айналысуына және олармен тікелей жұмыс істеуіне тыйым салынып отыр.

Сенат мақұлдаған заң Өзбекстан президенті қол қойған соң күшіне енеді.

Сондай-ақ оқыңыз