Электр көліктерінің көбеюі мұнай тұтынуды күніне 1,5 миллион баррельге азайтқан
Фото: shutterstock.com
Bloomberg New Energy Finance, зертеуінше, электр көліктері қазірдің өзінде күніне 1,5 миллион баррель мұнайды ығыстырған. Бұл процестің жеделдей түсуіне пандемия өз әсерін тигізді. Енді бұл үрдіс қарқын алмаса, баяулай қоймайтынын айтады сарапшылар.
Қытайда автомобиль нарығы трансформациядан өтіп жатыр. Ақпан айында зерттеу жүргізіліп, онда жанармай мен дизель отынын пайдаланатын автомобильдердің жыл сайын 20%-ға төмендеп отырғанын тіркеген. Ал электромобильдердің сатылымы керісінше 32%-ға өскен. 2022 жылы 10 миллионнан астам электр көлігі сатылды. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта арта түседі.
Алдын ала болжам бойынша, Қытайда 2030 жылға қарай электромобильдердің нарыққа енуі 40% құрайды. Бірақ осы қарқын сақталса, өндірушілер бұл шекті көрсеткіштерге 2023 жылы қол жеткізуі мүмкін. Осылай жалғаса берсе, Қытайда 2030 жылға қарай электромобильдер сатылымы 80%-ға жетеді деп болжайды сарапшылар. Осылайша, 2030 жылға қарай Қытайдағы көліктердің тең жартысы электрлі болуы мүмкін. Бұл өз кезегінде күніне бірнеше миллион баррель мұнайды әлемдік нарықтан ығыстырып отырады.
Ал Counterpoint зерттеу фирмасының мәліметі бойынша, өткен жылдың төртінші тоқсанында әлем бойынша электромобильдердің өндіріс қарқыны 53 пайызды құраған. Солардың ішінде ең көп электр көлігін шығаратын да, тұтынатын да Қытай елі. Әлемдегі ең көп сатылатын он электр көлігінің жетеуі қытайлық компанияларда шығарылады.
Биыл әлемде 17 миллионнан астам жаңа электромобильдер сатылады деп болжайды мамандар. Өткен жылдың төртінші тоқсанында жаңа энергетикалық көліктер өндірісінің абсолютті көшбасшысы қытайлық BYD компаниясы болды. Оның бұл саладағы үлесі 19,8% құрайды. Ал атақты Tesla 12,1% үлесімен екінші орында тұр. Әлемдік рейтингтің үшінші қатарында Volkswagen 8,2% үлесімен тұрса, төртінші орында 6,3% үлесімен қытайлық Geely компаниясы, ал Stellantis концерні сатылымдағы көшбасшылардың бестігін жабады.