Кентаудағы жылу орталығын жөндеуге 5 млрд теңге жұмсалады

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Кентау қаласында жылу орталығына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 5 млрд теңге жұмсалады. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысында мәлімдеді.

«2012 жылдан бастап Кентау жылу орталығында қазандықтарына күрделі жөндеу жүргізілмей келеді. Биыл шамамен 5 млрд теңгеге 4 қазандыққа (№5, 6, 7, 8) және 1 турбинаға (№6) күрделі жөндеу жоспарланған», – деді министр.

Сондай-ақ Сәтқалиев жылыту маусымында болған мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, 2022 жылы қазанда Риддер электр станциясында апаттар басталды.

«Жылыту кезеңінің басынан бастап жылу желілері жұмысының температуралық режимін сақтамаудың 133 жағдайы тіркелді», – деді ол.

Айтуынша, «Қаражыра» АҚ алдында жеткізілген көмір үшін шамамен 1,5 млрд теңге мөлшеріндегі берешек отынның тұрақты жеткізілуіне әсер еткен.

«Осы фактілер бойынша тергеу жүргізілді, жаза туралы хаттамалар жасалып, жоспардан тыс тексерулер жүргізілді», – деді Алмасадам Сәтқалиев.

Сондай-ақ Екібастұз қаласының жылу желілерінде көптеген зақымдар болды. Температура кестесі 94 рет орындалмаған.

«Министрліктің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті технологиялық бұзушылыққа тергеу жүргізді, әкімшілік жаза шығара отырып, «Екібастұзтеплоэнерго» мекемесіне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді. Қолданыстағы айыппұл шаралары халыққа келтірілген залалмен салыстырғанда өте аз», – деді ол.

Жылыту маусымында «Арселор Миттал Теміртау» АҚ жылу орталығы температуралық кестені 70 рет сақтамаған.

Жезқазған жылыту орталығында жылыту кезеңінде 6 қазандықта 75 апаттық тоқтатулар болған. Енді министрлік Kazakhmys Energy мекемесімен осы жылу орталығын жаңғырту мәселесін пысықтап жатыр.

Биыл Энергетика министрлігі жылу электр станциялары мен желілерінің жай-күйіне тексеріс жүргізген. Қазақстандағы 37 жылу электр орталығының 19-ы апатты жағдайда тұр. Бүкіл ЖЭО жабдықтары 66 пайызға тозған. Министрлік оларды жөндеуге 182 млрд теңге қажет деді.  

Сондай-ақ оқыңыз