Энергетика министрі ірі мұнай компанияларына қатысты шағым түсірілгенін растады

Жарияланды
Фото: Kursiv.media

Қазақстан Қашаған мен Қарашығанақ кен орындарын игеріп жатқан ірі етелдік мұнай компанияларымен соттасып жатқанын Bloomberg басылымына сілтеме жасап, «Курсив» жазған болатын. Шағым сомасы миллардтаған долларды құрайтыны да хабарланған еді.

Сейсенбі күні Үкімет кулуарында журналистер сауалына жауап берген жаңа министр Алмасадам Сәтқалиев бұл жағдайды растады.

«Үкіметтің уәкілетті органы PSA компаниясының Қарашығанақ және Қашаған компанияларына қарсы халықаралық арбитражға шағым түсірді. Түсініктеме беруде шектелемін. Бір ғана айтарым, бұл сот істері қазақстандықтардың мүддесі үшін жасалған. Онда әрқайсы 3,5 және 13 миллиард доллардан бар», деді Энергетика министрі.

Батыс басылымына ақпарат берген дереккөздің мәліметінше, Қазақстан Үкіметі жобадағы серіктестер Қашаған үшін 13 миллиард доллар және Қарашығанақ үшін 3,5 миллиард доллар шығынды шегермеуі керек деген пікірде.

Ал, Алмасадам Сәтқалиев Қазақстан қазір инфрақұрылымға салынатын инвестицияға тәуелді екенін де айтып қалды.

«Қандай да бір келісімшарт талаптарын қайта қарауға келсек – бұл да халықаралық құқық шеңберінде қаралатын мәселе, біз елімізге инвестиция келуін ойластыруымыз керек. Біз қазір инфрақұрылымға салынатын инвестицияға тәуелдіміз. Әлемде білікті инвесторларды тарту үшін бәсекелестіктің қандай деңгейде жоғары екенін өздеріңіз де білесіздер», – деді Сәтқалиев.

Сондай-ақ оқыңыз