Әлемдегі ең қымбат 5 металдың бірі – осмийді өндіріп, сатуға Қазақстан неге құлықсыз?

Жарияланды

Фото: Shutterstock

 Қазақстан сирек металдар шикізатының елеулі қоры бар елдердің қатарына жатады.Біздің елде өте сирек ұшырасатын рений мен галлий шикізаттарымен қатар Осмий-187 изотобының да қоры бар. Аталған шикізат әлемдегі ең қымбат деп саналатын 5 металдың біріне жатады.

 Жалпы Осмий металын қандай мақсатта пайдаланылатыны туралы мәлімет өте аз. Дегенмен, ерекше дәлдіктегі өлшеу және медициналық құрылғыларды өндіруде қолданылады деп топшыланады. Бүгінгі таңда 1 грамм осмий-187-нің  бағасы 10 000 мен 200 000 доллар аралығында деген деректер бар. Осыдан-ақ Осмийдың әлеуетінің қаншалықты екенін бағамдауға болатын шығар.

                        Тек бізде ғана өндіріледі

 Осмий-187 қазақ изотобы әзірге тек біздің елде ғана өндірілген. Бұл пікірімізді «Минералды шикізаттарды кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталық» мемлекеттік кәсіпорынының бас директоры Әбдірасул Жәрменов те растап отыр.         

«Осмидің  ерекше түрі тек Қазақстанда  ғана бар.  Ол бір ғана 187 қазақ изотобына жататын түрі.  Оның ерекше құндылығы да осыған байланысты. Өзге бір-екі елде  елдерде  өндірілетін Осмий 6 изотоптың қоспасынан тұрады. Олардың бір граммының құны шамамен  40-50 АҚШ долларының айналасында болады.  Дәл қазіргі мәлімет бойынша  Осмий-187 қазақ изотобы  дүниежүзінде тек Жезқазған рудаларында ғана кездеседі. Жезқазған рудалары таусылғанда әлемдегі  Осмий 187қазақ  изотоп қоры да бітеді деп болжануда»,-дейді сарапшы маман.

Оның айтуынша, аталған шикізатты өндіру елімізде 1994-95 жылдары Жезқазғандағы сирек металдар компаниясында басталған.  Оған дейін бар-жоғы біздің шикізатымыздан бөлінген 50 граммдай Осмий Ресейде шығарылған екен. Осы күнге дейін әлемдік нарықта бар болғаны 60 грамм Осмий-187  сатылған. Оны әлемде Қазақстан ғана сатқан. Елімізде өндірілетін кеннің 100 грамында 0,02 пайыз осмий болды. Бұл – әлемдік өндірісте ең жақсы көрсеткіш ретінде тіркелген.    

                    Бір граммы 10 мың АҚШ доллары

 Жоарыда айтылған 60 грамм шикізатты бізден ең алғаш рет Чехиялық компания бір граммы үшін 10 мың АҚШ долларын төлеп сатып алған. 2011- жылғы есеп бойынша халықаралық саудадағы алтынның бағасына сәйкес Осмий-187-нің бір граммы әлемдік нарықта 3 келі алтыннан қымбат бағаланған. Бір қызығы осыншалықты қымбат әрі өте сирек кездесетін шикізаттың иесі бола отырып, Қазақстан оны сатуды соңғы жылдары мүлдем тоқтатқан.Тіпті қазіргі таңдағы нарықтағы құны да нақты белгісіз көрінеді.

«Соңғы 10-15 жылда елімізден Осмий сатылған жоқ. Себебі,сирек металдың осы түрін сұраушылар өте көп болғанымен нақты сатып алуға ұсыныс пен келісім-шарт жасаушылар жоқ болып тұр. Соңғы уақытта сатылымға шығарылмағандықтан қазірігі таңдағы бағасы да белгісіз. Бір айта кетерлігі осы күнге дейін бұл өнімнің бір граммы үшін 10 мың доллардан төмен ұсыныс түскен емес. Біз де өз  тарапымыздан аталған межеден төмен баға қабылдаған емеспіз»,дейді Минералды шикізаттарды кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы.

Сарапшы алдағы уақытта нақты ұсынысы мен келісім-шартын алып келген алушы болса, аталған қымбат шикізатты өндіруді жалғастыруға болады деген пікірін алға тартты. Оның айтуынша, негізінде мұндай қымбат металлдар тек алдын-ала тапсырыс алу шеңберінде ғана келісілген мөлшерде өндіріледі. Себебі, аталған шикізатты рудадағы басқа концентраттардан бөліп алу процесі өте қымбатқа түседі екен.    

                             Барынша құпия өнім

 Мамандардың айтуынша Осмийдің нақты қандай өндіріске пайдаланылатыны туралы да деректер жұмбақ. Тіпті сатып алушының өзі де қандай мақсатта алып жатқанын барынша құпия ұстауға тырысатын көрінеді.

«Бір білетініміз ядролық қару-жарақ технологиясында пайдаланылмайды. Медицинада дәрілік препараттарды синтездеу кезінде сонымен қатар космос технологияларында пайдаланылуы мүмкін деген болжам бар. Сатып алушылар аталған шикізатты қандай мақсатта пайдаланатындықтарын айтпайды. Тіпіті бізге келетін делдалдардың өзі арттарында кім тұрғандарын барынша жасыруға тырысады. Сондықтан  Осмийді осындай өндірісте кеңінен пайдаланады деп дөп басып айту дәл қазір қиын»,-дейді Әбдірасул Жәрменов. 

                                                                  

Сондай-ақ оқыңыз