Ермұрат Бапи: арнайы жасақтың жаңаөзендіктерді ұстап әкетуі – Үкіметтің орашолақ әрекеті

Жарияланды
Фото: Masa.media

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи арнайы жасақтың елордаға келген жаңаөзендіктердің ұстап әкеткеніне қатысты пікір білдірді.

«Наразы ереуілшілерді қуудың ешқандай қажеттілігі болмады. Үкімет бар, жұмыс беруші және мұнайшылар бар. Үшжақты келісіммен мәмілеге келетіндей мүмкіндік болды. Уақыт бар еді. Асығыс әрекетке барудың астарынан ешқандай мән ұғып тұрған жоқпын», – деді Бапи.

Сондай-ақ депутат жаңаөзендіктермен кездесуге не себепті барғанын түсіндірді.

«Энергетика министрінің уәжін тыңдадық. Әлеуметтік желі арқылы мұнайшылардың қандай талабы бар екенін білдік. Соны өздерінен есту үшін бардық. Біз (депутаттар – ред.) қайтқаннан кейін жарты сағат ішінде сондай жағдай болыпты», – дейді Бапи.

Депутат мұнайшыларды ұстаған арнайы жасақтың ішкі істер министрігіне, ал министрліктің Үкіметке бағынатынын айтты.

«Осы саты бойынша қарасақ, бұл Үкіметтің орашолақ әрекеті деп ойлаймын», – деп түйіндеді мәжіліс депутаты.

10 сәуір Жаңаөзен мұнайшылары елордаға келіп, Энергетика министрлігінің алдына жиналған. Оларды басты талабы – тұрақты жұмыс және лайықты жалақы болды. Алайда ҚМГ Жаңаөзенде өзге де жұмыссыздар жұмыс күтіп кезекте тұрғандықтан, олардың талабын орындау мүмкін емес деп мәлімдеген еді. 11 сәуір ҚМГ мен бір топ мұнайшылар келіссөз жүргізіп көргенімен, ол нәтижесіз болды. Мұнайшылар бізде тұрақты жұмыс керек деп, компания ұсынысынан бас тартты.

Кеше кешке бейбіт тұрған мұнайшыларды елорданың күш құрылымдары автозагқа тиеп алып, полиция бөлімшелеріне жеткізген болатын. 12 сәуір күн олардың басым бөлігі Жаңаөзенге қайтарылғаны хабарланды.

Сондай-ақ оқыңыз