Ғылым саласы әлеуметтік-экономикалық өркендеуге әлі де тың серпін бере алмай отыр – Тоқаев
Фото: kursiv.media
Еліміздегі ғылым саласы әлеуметтік-экономикалық өркендеуге әлі де тың серпін бере алмай отыр. Соңғы бес жылда ғылымға бөлінетін қаржы 60 пайызға артқанымен, ғылымның түрлі саласын қаржыландыру ісінде өте үлкен теңсіздік бар. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің бірінші отырысында айтты.
«Өкінішке қарай, елімізде ұзақ жыл бойы ғылымға баса назар аударылған жоқ. Соған байланысты шешімін таппай жатқан мәселелер аз емес. Тіпті, бұл сала артта қалды деуге болады. Біз өркениетті ел боламыз десек, осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек. Сол себепті менің Жарлығыммен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды. Оған Президент жанындағы кеңес мәртебесі берілді. Бұл – мемлекеттің ғылым саласындағы басымдықтарына қатысты ұсыным әзірлейтін негізгі құрылым», деді Президент.
Мемлекет басшысы елімізде мықты ғылыми мектеп, білікті ғалымдарымыз да көп екеніy атап өтті.
«Мемлекет тарапынан ғылымға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Соңғы жылдары бұл салада біршама өзгеріс болды…. Жалпы, жастардың ғылымға деген қызығушылығы ояна бастады. Бірақ мұның бәрі жеткіліксіз. Ашығын айтсақ, ғылым саласы әлеуметтік-экономикалық өркендеуге әлі де тың серпін бере алмай отыр», деді Қ.Тоқаев.
Президенттің айтуынша, оңғы бес жылда ғылымға бөлінетін қаржы 60 пайызға артқан. Ал ішкі жалпы өнімдегі ғылымның үлесі, керісінше, 0,13 пайызға төмендеген:
«Бұл қаражаттың басым бөлігі, нақтырақ айтсақ, 70 пайызы бюджеттен бөлінеді. Сондай-ақ ғылымның түрлі саласын қаржыландыру ісінде өте үлкен теңсіздік бар. Қаражаттың 82 пайызы іргелі және қолданбалы ғылымға жұмсалады. Қалған 18 пайызы ғана тәжірибелік-конструкторлық зерттеулерге арналған. Елімізде ғылыми зерттеулерді іске жаратып, қолданысқа енгізетін өндіріс өте аз. Кәсіпорындардың 65 пайызы шикізат, металлургия саласында жұмыс істейді. Бұл – үшінші технологиялық деңгей деген сөз».
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымның жаңа үлгісі мемлекет пен бизнестің әріптестігіне негізделуге тиіс деді. Осы тәсіл әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Күнсұлу Дальтонқызы Закарьяны Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының президенті лауазымына тағайындады.
Күнсұлу Закарья – көрнекті ғалым, биология ғылымдарының докторы, әлемдік ғылым қоғамдастығына танымал профессор, отандық «QazVac» вакцинасының авторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Пандемия кезінде Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін күшейтуге зор үлес қосқан.