«Теріс тренд»: Ел экономикасының бүкіл саласында мемлекеттік монополия орнап жатыр
Фото: shutterstock.com
Ел экономикасында теріс тренд байқалады. Тауар нарықтарына мемлекет қатты араласып, мемлекеттік монополия орнап жатыр. ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Төрағасы Марат Омаров IX Еуразиялық монополияға қарсы форумда осылай деп мәлімдеді.
«Мемлекеттің бизнеске араласуы күн өткен сайын артып келеді. Бұл құбылыс бұрын мемлекеттің қатысы болмаған салаларда да байқалады», деді Марат Омаров.
Мәселен, мемлекет ҚазМұнайГаз арқылы жанар-жағармай нарығының 80%-ын – мұнай өндіруден бастап, жанармай сатуға дейін үстемдік етіп, бақылап келеді. Іс жүрінде нарықта монополия орнаған, басқару жүйесі де тиімсіз. Соның салдарынан жанармай тапшылығы, қымбатшылық орын алып жатыр. Нарықты бақылаудың бетімен кетуі де, ресурстарға қол жеткізу мәселесі де өткір тұр.
Әуе тасымалы нарығы
Бұл нарықта сұраныс пен ұсынысты толық бақылайтын мемлекеттік компаниялар тобы – Ұлттық авиатасымалдаушы және еншілес компаниялар басым. Мемлекет иелігіндегі авиакомпаниялардың активтерін бөлу мәселесі әлі күнге дейін өз шешімін таппаған. Нәтижесінде нарықта бәсеке жоқ, баға деген шарықтап кеткен. Рейстері кешігіп, жолаушылар зардап шегіп отыр,
Марат Омаровтың айтуынша, баға белгілеу саясаты да монополия нарығында жұмыс істемейді. Тіпті бір бағыт бойынша билет бағасын 4,5 ес қымбатқа сатқан фактілер тіркелген. Сондықтан, қазіргі жағдайда нарыққа жаңа авиатасымалдаушыларды шақыру үшін «Ашық аспан» режимін күшейту мәселесі қарастырылып жатыр.
Телекоммуникация нарығы
Телекоммуникация нарығындағы мемлекеттің үлесі 75%-ға дейін жеткен. Қазақтелеком аукционда радиожиілік спектрін сатып алды. Негізі бұл бизнеске сатылуы керек мемлекеттік ресурс еді. Демек, мемлекет өзі сата отырып, өзі сатып алған.
Монополияның орнауы клиент үшін бәсеке мен қызмет көрсету сапасының төмендеуіне себеп болды. Қазір байланыс қызметі тарифін біржақты қымбаттатты деген шағып көп. Кейбір тарифтердің құны 2 есе өскен.
Темір жол, жолаушы және жүк тасымалы саласындағы мемлекеттің үлесі – 95 пайыз. Ал ипотека нарығының 60 пайызын мемлекеттік банк – Отбасы банк иеленіп отыр. БҚДА басшысы бұдан да басқа салаларды мемлекеттік монополиядан арылу керегін айтады.