Экономиканың 4.9% өсім көрсетуі «орташа» көрсеткіш – сарапшы

Жарияланды
Фото: Kursiv.media

 Өткен аптада Президенттің қатысуымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңес өтті. Сол жиында Премьер- министр Әлихан  Смайылов елімізде соңғы уақытта бағаның өсу қарқыны біршама азайғанын айтып өтті. Сонымен қатар Үкімет басшысы экономикалық өсім 4,9% деп мәлімдеді.

Алайда, Үкімет басшысының жоғарыда келтірген деректерін саралаған сарапшылар қауымы қуануға әлі ерте деген пікірде. Мәселен, экономист Асылхан Андашев,  Смайылов атап өткен инфляцияның баяулағаны азық-түлік бағалары арзандады деген сөз емес. Ал, экономикадағы төрт пайыздық өсімді бар болғаны орташа деп бағалаған жөн деген пікірде.

«Әлихан Смайыловтың елде инфляция өсімі баяулағандығы жайлы хабарламасы бойынша айтарым; инфляция, расымен де, өсу қарқыны баяулауда. Ол деген сөз азық-түлік бағалары төмендеп жатқанын білдірмейді. Жай ғана өткен жылы тым қатты өсіп кеткен болса, қазір ондай қарқынмен емес, одан азырақ көрсеткішпен өсіп жатқанын білдіреді», дейді Асылхан Андашев.

 Оның пікірінше, инфляция 18.1% дегеннің өзі осыған дейінгі жылдық инфляция деңгейлерінен 2 есеге жуық жоғары. Сондықтан, айтылып жатқан ақпаратты дұрыс қабылдай білген жөн.

 «Ал, ішкі экономикалық өсім 4.9% болуы әлем бойынша орташа көрсеткіштен жоғары және ол жақсы. Оның үстіне 2022 жыл да Әлем экономикасы үшін қиын жыл болды. Алайда, Қазақстан сияқты дамушы ел үшін мұндай көрсеткіш «орташа» болып саналады»,-дейді сарапшы.

Сондай-ақ, аталған жиында Әлихан Смайылов сыртқы сауданың да біршама өскенін мәлім еткен болатын. Асылхан Андашевтің пікірінше,  Смайылов келтіріп отырған сандар тұрақты өсімді көрсетіп отырған жоқ.

«Смайылов мырза сыртқы сауданың да 34% өсіп, 134 млрд АҚШ долларына жеткенін айтты. Ол өсім бізде тұрақты болмағандықтан мақтанышпен айта алмаймыз. Аталған көрсеткіш арқылы біз 2012-2013 жылдардағы сыртқы сауда деңгейіне жетіп отырмыз. 2012 жылы сыртқы сауда көлемі 132.8 млрд АҚШ доллары болса, 2013 жылы 133.5 млрд АҚШ долларын құрап еді. Кейіннен 2016 жылы сыртқы саудамыздың көлемі 2 еседен артық құлап, 62.1 млрд АҚШ долларын құрады. Сондықтан, мұнай мен өзге шикізат бағасы өссе сыртқы саудамыз да өседі, бағасы төмендеген жылдары сыртқы сауда көлемі де азайып отырады. Бұл жерде үкіметтің арнайы саясаты арқасында осындай өсім болды деп айта алмаймын»,-деп атап өтті Асылхан Бахадырұлы.

Сарапшы-экономист осы инвестициялық өсім туралы ойын жалғай келе тартылғын инвестицяның аз ғана бөлігі өңдеуші өнеркәсіпке құйылғанын айттты. Оның пікірінше бұның салдары ел экономикасын бұрынғыша шикізатқа тәуелді күйінде қалдыра бермек.  

«2022 жылы сырттан тартылған инвестиция көлемі де соңғы 10 жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш болып, 28 млрд АҚШ долларын құрағанын, Тоқаев та айтты. Ал, ол инвестицияның 1/5 бөлігі ғана өңдеуші өнеркәсіпке тартылып, қалған басым бөлігі шикізат саласына құйылғанын ескерсек, алдағы уақытта да экономиканың шикізатқа тәуелділігі жоғары болып қала беретіндігін түсінеміз. Сондықтан да, бізге сандармен есеп берілгенде, есептің сандық емес, сапалық өсіміне мән берген жөн»,-дегені пікірді алға алға тартты Асылхан Андашев.

Оның сөзінше 2022 жылғы экономикалық өсім Ресей-Украина арасындағы мәселе салдарынан қымбаттаған мұнайдың арқасында болған көрінеді.

«Өйткені, өндірілген мұнай көлемі 2021 жылмен салыстырғанда тіпті азая түскен көреміз. Мәселен,  2021 жылы елімізде  85 млн. тонна қара алтын өндірсек, ол көрсеткіш өткен 2022 жылы 84 млн тоннаға азайған. Ал 2021 жылы орташа баға 60-70 АҚШ доллары шамасында болса, 2022 жылдың көктемінде мұнай 120 АҚШ долларынан асқан кездері де болды»,-деп түйіндеді сарапшы өз пікірін.

Сондай-ақ оқыңыз