Ұлыбританиядағы инфляция Батыс Еуропадағы ең жоғарғы деңгейге жетті
Ұлыбританиядағы инфляция Батыс Еуропадағы ең жоғарғы деңгейге жетті. Елде азық-түлік бағасы аспандап тұр. Бұл туралы Хабар 24 хабарлады.
Қымбатшылықты ауыздықтау үшін Англия банкі кезекті рет проценттік мөлшерлемені көтереді- деген болжам бар.
Қымбатшылыққа Ұлыбританияның табиғи газға тәуелділігі себеп. Елде жарық пен көгілдір отынның бағасы ұшып тұр.
Өткен жылдың қазан айында елдегі инфляция деңгейі 41 жылда болмаған максимумға жетіп, 11,1 процентті құрады. Бұл жалақысы баяу өсіп жатқан халықтың сатып алу қабілетін төмендетіп тастады. Ұлыбритания үкіметі қанша тырысқанымен жағдай оңалмай тұр.
Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак жылдың соңына дейін инфляция деңгейін екі есеге дейін азайтып, 5 процентке жеткізуге уәде беріп отыр. Тәуелсіз орган — Ұлыбритания бюджеттік жауапкершілік басқармасының болжамы да осы сөздерді растайды.
Инфляцияны ауыздықтау үшін Англия банкі проценттік мөлшерлемені наурыз айында ғана 4,25 процентке көтергені белгілі. Сарапшылар алдағы уақытта оның тағы өсуі мүмкін екендігін айтады. Нәтижесінде фунт нығайып, ал ипотекасы барларға қиындық туындайды. Несиелерін жабу үшін олар банктерге бұрынғыдан да көп ақша төлеуге мәжбүр болады.