Субсидия алу үшін жылыжайға қойылатын стандарттар бекітілді
Фото: kursiv.media
Қазақстанда фермерлік жылыжайларға қойылатын талаптар бекітілді. Стандарт 2023 жылғы 1 мамырдан бастап күшіне енеді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
Енді субсидия алу үшін жылыжай фермерлік жылыжайларға қойылатын жалпы талаптарға, жылыжай жабынының конструктивті орындалуы мен материалын, сондай-ақ жылыжай кешендерін жарақтандыруды белгілейтін стандартқа сәйкес келуі тиіс.
Стандартты Қазақстан стандарттау және метрология институты «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 23 шілдедегі № 317 бұйрығын іске асыру үшін әзірлеген.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Өсімдік шаруашылығын дамыту басқармасының басшысы Қарлығаш Нұриханованың айтуынша, стандарттың тезірек енгізілуі жылыжай шаруашылықтарын қаржыландыру бағдарламасының шарттарына тиісті өзгерістерді одан әрі енгізу үшін қажет.
Өз кезегінде Қазақстан жылыжайлары қауымдастығының төрағасы Қанат Қошманов жылыжаймен айналысушылар жылыжай шаруашылықтарын қолдауға және Қазақстанның жылыжай саласын одан әрі дамытуға бағытталған ұлттық стандартты қабылдауға дайын екенін айтты.
Жақында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек Аграрлық несие корпорациясы арқылы көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға 140 млрд теңге бағытталғанын, қазір жылыжайларды осы бағдарлама бойынша қаржыландыру бағытына қосу жұмыстары пысықталып жатқанын хабарлаған еді. Бағдарлама шарттарына тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін жылыжайлар 5%-дан аспайтын несие ала алады