LRT ісі: Сот халықаралық іздеу жарияланған Сұлтанбеков пен Арданға үкім шығарды

Жарияланды

Фото: kursiv.media

LRT ісі бойынша елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен LRT ЖШС директоры болған Талғат Арданды 7 жылға бас бостандығынан айыру туралы сот үкімі шықты.

Сондай-ақ мердігер компанияның жобалаушысы Ұлықбек Ачилов та 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Істі Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Виктория Семенова қарады.

Судья Қанат Сұлтанбековті қылмыстық кодекстің 28-бабының 3-бөлігі (қылмыстық құқық бұзушылық жасауды ұйымдастырған немесе оның орындалуына басшылық ету), 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағы (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша кінәлі деп таныды. Ол 7 жылға бас бостандығынан айырылды, сондай-ақ мемлекеттік қызметті өмір бойына атқара алмайды. Сұлтанбеков жергілікті атқарушы органда, Ұлттық банкте, мемлекеттік ұйымдарда қызмет ете алмайды.

Жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді. Жаза мерзімі сотталған ұсталып, қамауға алынған күннен бастап есептеледі.

LRT ЖШС директоры болған Талғат Арданды сот қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағында (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Ол да 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Талғат Ардан мемлекеттік қызметті атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Сондай-ақ судья Талғат Арданды қылмыстық кодекстің 262-бабының 3-бөлігі (ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу) бойынша ақтады.

Айта кетейік, Astana LRT жобасын іске асыруға бөлінген ақшаны жымқырды деген қылмыстық іс бойынша «Астана LRT» компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ардан мен Астана әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбековке «қызыл бюллетень» бойынша халықаралық іздеу жарияланған.

2023 жылдың қаңтар айының соңында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев LRT құрылысын аяқтау керек деп мәлімдеді. Оның ойынша, қоғамдық көлік кептелесі мен оған жұмсалған қаржыны ескере отырып, елорданың басқа амалы жоқ.

Ақпан айында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Астанадағы LRT құрылысына қосымша 50 млрд теңге бөлентінін мәлімдеді. Министр Марат Қарабаевтың айтуынша, қаржыны биыл сәуір айында әкімдікке беру жоспарланған.

Бұған дейін қала әкімі LRT құрылысын қытайлы компания аяқтайтынын айтқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз