Қазақстан мен Тәжікстан өзара сауданы 2 млрд долларға жеткізуге ниетті

Жарияланды
сауда айналымы
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен кездесу өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонға ілтипат білдіре отырып, Тәжікстан Қазақстанның сенімді стратегиялық серіктесі, сондай-ақ бауырлас әрі жақын мемлекет екенін атап өтті, деп хабарлады Ақорда.

Мемлекет басшысы Тәжікстанмен арада қол қойылған Одақтастық өзара іс-қимыл туралы декларацияныңк маңызына тоқталды. Оның сөзінше, бұл құжат екі елдің ұлттық мүдделеріне толық сай келеді, елдер арасында күмәнді мәселе жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Тәжікстан сауда-экономикалық ынтымақтастықты белсенді дамытып келе жатқанын атап өтті.

«Тек былтырдың өзінде екіжақты сауда айналымы 18,5 пайызға артып, 1,4 миллиард долларға жетті. Қазіргі жағдайда бұл – жақсы нәтиже. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және басқа да салалардағы бірқатар экономикалық жоба жүзегее асырылу сатысында тұр. Сіздің сапарыңыз аясында экономиканың түрлі секторындағы өзара іс-әрекетті одан әрі кеңейтуге бағытталған жаңа келісімдердің маңызды топтамасына қол қойылады», – деді Президент.

Келіссөз барысында сауда-экономикалық, соның ішінде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және көлік салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше сауда көлемін екі миллиард долларға дейін арттыруға мүмкіндік бар.

Біз бизнесмендердің 1,8 миллиард доллар көлеміндегі келісімшарттарға қол қойғанына көңіліміз толатынын атап өттік. Бұл – өте жақсы нәтиже. Екі ел үкіметтері осы келісімшарттардың орындалуын мұқият қадағалап отыруға тиіс. Біздің берік әрі ұзақмерзімді қарым-қатынасымыздың мызғымас негізі – тығыз мәдени-гуманитарлық байланыстар. Былтыр Душанбеде Қазақстан киносы күндері табысты өткізілді. Биыл біздің елімізде Тәжікстанның мәдениет күндерін өткізу жоспарланып отыр. Біз осы шараға мұқият дайындалуымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Эмомали Рахмонның айтуына Қазақстан Тәжікстанның басты сауда серіктестерінің арасында екінші орында. Екі еле арасындағы тауар айналымының өсімі өткен жылы 20 пайыздан асқан.

«Сізбен елдеріміздің әлеуметтік-экономикалық даму перспективаларын, сондай-ақ халықаралық және өңірлік мәселелерді талқылауға дайынмын. Сізді және барша Қазақстан халқын Парламент сайлауының сәтті өтуімен құттықтаймын. Сізге алдағы уақытта бауырлас Қазақстанның дамуына бағытталған реформаларды жүзеге асыруда табыс тілеймін. Біз тұрақты байланыстар мен жоғары деңгейдегі ұзақмерзімді саяси диалогтың игі дәстүрлерін сақтап, одан әрі кеңейтеміз. Мен достық қарым-қатынасымызды жоғары бағалаймын», – деді Тәжікстан Президенті.

Сәрсенбі күні Қазақстанға мемлекеттік сапармен Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон келген болатын. Сапар аясында ертең жоғары деңгейде екіжақты келіссөздер жүргізіледі және бірқатар маңызды құжатқа қол қойылады деп жоспарланып отыр

Сондай-ақ оқыңыз