Арнайы экономикалық аймақ қатысушыларына жер учаскесін мерзімінен бұрын сатып алу құқығы берілмек
Фото: kursiv.media
Арнайы экономикалық аймақта жұмыс істейтін компанияларға жер учаскесін мерзімінен бұрын сатып алу құқығы берілмек. Ол үшін АЭА қатысушысы өзіне жүктелген міндеттемелерді толық орындауы тиіс. Басым қызмет түрлерімен айналыспайтын әлеуетті инвесторларды АЭА-ға қабылдау жолдары қарастырылып жатыр. Оған қоса арнайы экономикалық аймақ қызмет тізімін кеңейту стандартталады. Бұл туралы ҚР ИИДМ баспасөз қызметі хабарлады.
2022 жылдың соңында министрлік «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» Заңға түзетулер енгізген. Бұл өзгерістер тар шеңберлі салалық бағыттан ауысу бойынша шараларды белгілеп, сондай-ақ жер учаскелерін беру рәсімін оңтайландыруға байланысты болған.
Министрліктің мәліметі бойынша, түзетулер шеңберінде келесідей өзгерістер қарастырылған:
- Міндеттемелерді орындағаннан кейін жер учаскесін мерзімінен бұрын сатып алу құқығын беру.
Инвестициялық тартымдылықты арттыру мақсатында іске асырылып жатқан жобаның барлық нысаны пайдалануға берілген сәттен бастап, 3 жыл өткен бойда өз міндеттемелерін адал орындаған АЭА қатысушыларына жер учаскесін сатып алу құқығын беру тетігі қарастырылып отыр. Жер учаскесін сатып алудың міндетті шарты тиісті нысандарда толықтай жүзеге асырылған өндіріс жобалары болуға тиіс.
- Басымдықтағы қызмет түрлерімен айналыспайтын әлеуетті инвесторлардың инвестициялық жеңілдіктерді қолданбай АЭА қабылдану жолдары.
Басымдақтығы қызмет түрлеріне қарамастан осы норманың аясында «бейінді емес қызмет түрлері» деген жаңа термин енгізіліп, бұған өңдеу өнеркәсібін жолға қойған бизнес субъектілері кіріп отыр. Алайда олардың АЭА аумағындағы кәсібі шикізатты, материалдарды, басқа да заттарды, жаңа өнімге арналған құрамдас бөлшектерді өңдеуге байланысты болу қажет.
Бейінді емес қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғалар АЭА қатысушылары болып саналмайтынын ескерсек, оларға салық және кедендік баждардан босату тәртібі қолданылмайды.
- Өтінімдерді қарауды стандарттау.
Басымдақтығы қызмет түрлерінің тізбесін жүргізу ережелерін бекіту арқылы оларды кеңейту процесі стандартталды. Бұл ережелер әдістемеден бөлек тиісті жобаларды қараудың нақты мерзімдері мен қажетті құжаттардың қысқаша тізімін анықтайды.
Сонымен қатар жоғарыда айтылған заңда АЭА қызметін жетілдіруге арналған өзге де нормалар қарастырылған. Соның ішінде:
- құрылыс және инфрақұрылымды жүргізу бөлігінде қатысушыларға қосымша құқық беру;
- қатысушылардың міндеттемелерін күшейту;
- АЭА қатысушысы атану үшін тиісті өтінімді беру жөніндегі ұсынылатын құжаттар тізбесін кеңейту;
- уәкілетті орган тарапынан АЭА даму стратегиясының жобаларын қарау мерзімдерін белгілеу бар.