Жылына 115 млн доллар: «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалдау құны өсе ме?

Жарияланды
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабеков. Фото: Айгерім Қыдырбаева

Ресей «Байқоңыр» ғарыш айлағын жылына 115 млн доллар төлеп жалдап отыр. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабеков мәлімдеді.

Сондай-ақ «Байқоңырды» жалға беру құнына қатысты пікір білдірді.

«Байқоңыр» ғарыш айлағы кеңес заманынан мұраға қалды. Ұшыру кешенінің өзі нақты зымыран тасығыштар үшін жасалған. Онымен тек зымыран тасығыштарды пайдалануға болады. Оларды басқа мақсатта пайдаланудың баламасын табу техникалық тұрғыда мүмкін емес. Келісімшарт бірнеше рет ұзартылды. Бүгінде ол 2050 жылға дейін ұзартылған. Біз тиімді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Оның ішінде ғарыш айлағының қызметі де бар. Сондай-ақ біз зымыранды ұшырағаннан кейін экологиялық жағдайға мониторинг жүргізе бастадық. Осы тұрғыда біз екіжақты өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуге ерекше мән беріп отырмыз», – деді Мәлік Олжабеков.

Айтуынша, «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалдау құны – жылына 115 млн доллар.

«Инфляцияны назарға алсақ, төлем доллармен жүретінін ескеру қажет. Төлем ұлттық валютада болса да, доллардың ағымдағы бағамы ескеріледі. Теңгедегі баға 1994 жылдан бері айтарлықтай өсті», – деді ол.


Сондай-ақ оқыңыз