2000 жж салықтан жалтарып кеткен шетелдік компания басқа атаумен нарыққа қайта келді ме?

Жарияланды
Фото: Архив Kursiv.media

Бұрын салықтан жалтарып, қашып кеткен шетелдік портфельдік компаниялар басқа атаумен ел нарығына қайта кіріп жатыр? Бұл жайлы өз зерттеуінде Energy Monitor қоғамдық қорының телеграм арнасы жазды.

«Америкалық BW Fluid Dynamics компаниясы Атырау филиалы арқылы 2000 жылдардың аяғында Теңіздегі Екінші буын зауытының құрылысында жұмыс атқарған. Жоба аяқталғаннан кейін компания Қазақстаннан кетіп, 480 миллион теңге салықты төлемей қойған. Бұл сома бұрынғы бағам бойынша 3,5 миллион долларды құрайды. Ал қазір үшінші буын зауытының (3GP) құрылысы жүріп жатыр. Аталмыш компания бұл жобаға қайта кірген. Ел нарығына – «B.W. Қазақстан» деген жаңа атауымен енген» деп жазады арна авторлары.

2014 жылы BW Fluid Dynamics компаниясы ребрендинг жасап, ресми атауын «B&W Energy Services» деп өзгерткен.

Салықтан жалтарған компания Теңіз жобасы бойынша келісім-шарт жасау үшін АҚШ-та «BW Kazakhstan Holdings LLC» компаниясын тіркейді. Солайша «B.W. Kazakhstan» ЖШС 100% құрылтайшысы болады.

«Ал тапсырыс беруші Senimdi Kurylys компаниясы арқылы шығып отырған атақты америккалық Bechtel компаниясы болу керек. Жаңа кәсіпорынның салық төлемдерінде қазірдің өзінде 9,5 млн теңге көлемінде берешегі бар екен. Ал 3GP жобасы аяқталғаннан кейін не болады?» деген сауал тастайды арна.

Energy Monitor дерегінше, қосалқы мердігер компания Senimdi Kurylys тек 2023 жылдың өзінде 515 миллион теңгеге корпоративтік табыс салығын төлеген. Бұл 2022 жылғы таза табыс көлемінің 2 миллиард теңге болғанын көрсетеді. Арна авторларының пікірінше, мұндай пайда «Теңізшевройлдың» тікелей мердігерлері саналатын қазақстандық компаниялар үшін өте үлкен сома.

«Сонымен қатар, 2022 жылдың қорытындысы бойынша резидент емес компания үшін қосымша құн салығы 106 миллион теңгені құраған. Ал шетелдегі консультациялық қызметтер үшін 883 миллион теңге төленген. Не себепті Senimdi Kurylys қазақстандық компанияларды дәл осындай шарттармен жұмысқа тартпайды?» деген сауал тастайды, Energy monitor.

Сондай-ақ оқыңыз