ЕО мен Қазақстан санкциялардың экономикаға теріс салдарын азайту мәселесін талқылады
Фото:shutterstock.com
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі –Премьер-Министрдің орынбасары Мұрат Нұртілеу Брюссельге жұмыс сапарымен барып, Еуропалық Одақ өкілдерімен келіссөздер жүргізді. Сондай-ақ олар Ресейге салынған санкциялардың Қазақстанға әсерін талқылады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мұрат Нұртілеу Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі, Еурокомиссия вице-президенті Жозеп Боррелмен кездескен. Дипломаттар ағымдағы күн тәртібін және екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
«Тараптар Батыстың санкциялық режимдерінің Қазақстан экономикасы үшін ықтимал теріс салдарын барынша азайту жөніндегі шараларды талқылады», делінген хабарлама.
Алайда хабарламада санциялардың теріс салдарын қалай азайтатыны жазылмаған.
Тараптар энергетика, көлік және логистика, цифрландыру, азаматтық авиация, аса маңызды шикізат материалдарын өндіру және пайдалану салаларындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі практикалық қадамдарды талқылауға ерекше назар аударған.
Мамыр айында Reuters және Bloombergөз дереккөздеріне сілтеме жасай отырып, Ресейге қарсы санкциялардың жаңа, 11-пакеті Қазақстанға да әсер етуі мүмкін екенін жазған болатын. Reuters агенттігінің хабарлауынша, жаңа пакет мұнай танкерлеріне ашық теңізде жүк түсіруге немесе GPS трекерлері өшірілген порттарға келуге тыйым салады. Жаңа норма санкцияларды айналып өтіп мұнай саудасының алдын алуы керек.
Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйеннің айтуынша, ЕО «транзитке тыйым салатын өнім» тізімін толықтырған. Оның ішінде «озық технология өнімдері мен Ресей арқылы үшінші елдерге жіберілетін ұшақ бөлшектері» де бар.
Еуро комиссия басшысы «санкцияларды айналып өтуге қарсы күрестің жаңа құралы» ретінде Ресейге үшінші елдер арқылы кіретін тауарларды экспорттауға санкция салу мәселесі ұсынылып отырғанын айтты.
Ол мұның жауапты қадам екенін, сол себепті қауіп-қатері ескеріліп, мұқият талдаудан өткеннен кейін және ЕО-ға мүше мемлекеттер мақұлдағаннан кейін ғана сақтықпен қолданылатынын атап өтті.
Ал АҚШ Қаржы министрінің көмекшісі Элизабет Розенберг Ресей Федерациясына Батыстың санкцияларынан жалтаруға көмектесетін қазақстандық компаниялар мен банктерге қайталама санкция қаупі артып келетінін мәлімдеген.